«Самұрық-Қазына» қорының «Қазатомөнеркәсіп» ҰК директорлар кеңесіндегі өкілі ауысады

«Қазатомөнеркәсіп» (ҚАӨ) ұлттық атом компаниясының директорлар кеңесінен Ернат Бердіғұлов мерзімінен бұрын шығарылады.
Оның орнына Салтанат Сатжанды сайлау ұсынылған. Бұл туралы компанияның хабарламасында айтылды.
Хабарламада көрсетілгендей, ҚАӨ-нің бас акционері болып табылатын «Самұрық-Қазына» мемлекеттік қорының мүддесін білдіруші ретінде директорлар кеңесінің мүшесі болған Бердіғұловтың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылады. Себебі ол 2025 жылғы 27 наурызда қордың стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры қызметінен кеткен.
Оның орнына «Самұрық-Қазына» басқарма мүшесі, жекешелендіру және даму жөніндегі басқарушы директор Салтанат Сатжанның кандидатурасы ұсынылды.
Шешім 2025 жылғы 27 мамырда сағат 10:30-да Астана уақытымен өтетін акционерлердің жылдық жалпы жиналысында қабылданады. Жиналысқа қатысу құқығына ие акционерлердің тізімі 2025 жылғы 25 сәуірде жасақталған.
Еске сала кетейік, кеше Ернат Бердіғұловтың «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры болып тағайындалғаны белгілі болды.
37 жастағы Бердіғұлов – «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Ол әр жылдары «Самұрық-Қазына» қоры құрылымдарында түрлі басшылық қызметтер атқарды: басқарма төрағасының кеңесшісі, департамент директорлары, сондай-ақ «Самұрық-Энерго» АҚ-да жұмыс істеген. Сонымен қатар, халықаралық Whiteshield Partners консалтинг компаниясында және «Қазатомөнеркәсіптің» еншілес ұйымдарында еңбек еткен. Ол «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы», QazaqGaz, KEGOC және «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компанияларының директорлар кеңесінің мүшесі болған.
36 жастағы Сатжан Deloitte компаниясында аудитор болып жұмыс істеген. 2014 жылдан бастап «Самұрық-Қазына» АҚ-ның әртүрлі бөлімшелерінде қызмет атқарған. Қазіргі уақытта Samruk-Kazyna Construction, QAZAQ Air және Qazaq Green Power компанияларының директорлар кеңесіне мүше.
«Қазатомөнеркәсіп» – уран өндірумен, сирек металдарды өңдеумен, бериллий мен тантал өнімдерін өндіру және сатумен айналысатын ұлттық компания. Оның барлық өнімдері 100% экспортқа шығарылады. Компания мемлекет бақылауында: «Самұрық-Қазынаның» үлесі – 62,99%, Қазақстан Қаржы министрлігінің үлесі – 12,01%, ал қалған 25% акциялары еркін айналымда.