Әлем. 5 маусым. 7kun.kz - Қазақстан санкциядан қашу үшін Ресейдің теңіз порттары арқылы экспортталатын мұнайының атын өзгертеді, деп хабарлады Reuters ақпарат көздеріне сілтеме жасап.
"Соңғы маңызды геосаяси өзгерістерге байланысты және Қазақстан мұнайының Ресей порттары арқылы экспортына кері әсер болмауы үшін 2022 жылдың маусымынан бастап - KEBCO (Kazakhstan Export Blend Crude Oil) атауы қолданылады", -дейді Reuters.
Мұны қазақстандық мұнай компанияларындағы төрт дереккөзі растаған. Өзгерістер дүйсенбі, 6 мамырда күшіне енеді.
"Бұл біздің мұнайдың санкцияға ұшырамауы үшін қажет шара және оның аты құжаттарда шыққан елді анық көрсетеді. Әйтпесе, аккредитив ашуда қиындықтар туындайды", - деп түсіндірген дереккөз Reuters агенттігіне.
Қазақстандық мұнай экспортының 20%-ға жуығы Ресей теңіз порттары арқылы транзитпен тасымалданады және техникалық тұрғыдан Батыс санкцияларына ұшырамаса да, сатып алушылар бірнеше рет ресейлік мұнаймен шатастырған, дейді қазақстандық мұнай трейдерлері.
"Санкция енгізілгенге дейін қазақстандық мұнай ресейлік мұнаймен араласып, Ресейдің шикі мұнайының экспорттық қоспасы (REBCO/Urals) және Siberian Light атымен белгілі стандартталған экспорттық сорттар қатарына кіретін", деп жазды The Washington Post.
"REBCO да, Urals та соңғы кезде батыстық санкциялар мен еуропалық компаниялардың шектеулеріне байланысты әсіресе сатуға қиналуда", деп хабарлайды Reuters.
"Осы аптада Еуропалық Одақ 2022 жылдың соңынан бастап Ресей мұнайының импортына эмбарго жариялады. Ресей мұнайының Еуропаға экспортының 75 пайызын құрайтын теңіз арқылы тасымалдауға толық тыйым салынады. Венгрия, Чехия, Словакия және Болгарияға ерекшелік ретінде «Дружба» құбыры арқылы мұнай алуға рұқсат етіледі. Германия мен Польша да 2022 жылдың соңына қарай одан бас тартады. Санкциялардың кесірінен ресейлік мұнайдың бір баррелі қазірдің өзінде Brent маркасынан 30 долларға арзан", деп жазды Reuters.