Шекарадан 2,1 миллиард теңгенің валютасын заңсыз өткізбек болғандар ұсталды

Қазақстандық шекарашылар мемлекеттік шекара арқылы жалпы құны 2,1 млрд теңгеден асатын валютаны заңсыз өткізудің 176 әрекетінің жолын кесті.
Бұл туралы 2025 жылғы 2 мамырда Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті сәуір айындағы қызметінің қорытындысын шығара отырып хабарлады.
2025 жылдың сәуір айында мемлекеттік шекараны күзету шеңберінде Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушы 4323 адам жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 3565-і шетел азаматтары.
Мемлекеттік шекара арқылы заңсыз өтудің 1 455 фактісінің алды алынды, оның ішінде:
- 37 факті – есірткі заттары;
- 92 факті – қарулар мен оқ-дәрілер;
- 357 факті – жанар-жағармай материалдары;
- 793 факті – жалпы сомасы 3 млрд теңгеден асатын халық тұтыну тауарлары;
- 176 факті – жалпы сомасы 2,1 млрд теңгеден астам шетел валютасы.
Каспий акваториясында 90 браконьерлік фактінің алды алынды және Қызыл кітапқа енгізілген 617 дана бекіре тұқымдас балық, тоғыз бас каспий итбалығы табиғи мекендеу ортасына жіберілді. Алды алынған залал сомасы 1 млрд 900 млн теңгені құрайды.