Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Сенат «Бәйтерек» ғарыш кешені жөніндегі хаттаманы мақұлдады

Сенат «Бәйтерек» ғарыш кешені жөніндегі хаттаманы мақұлдады

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Қазақстан Үкіметі мен Ресей Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер енгізу жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы заң қабылданды.

Құжат жобаны іске асыру мерзімдерін нақтылап, бірқатар салықтық және ұйымдастыру мәселелерін реттеуге бағытталған.

Негізгі өзгерістер:
  • Ұшу сынақтарының басталу мерзімі 2023 жылдан 2025 жылға шегерілді;

  • 2028-2039 жылдары жылына үш рет кепілді ұшыру жоспарланды (бұған дейін – екі рет);

  • «Бәйтерек» АҚ-қа корпоративтік табыс салығы бойынша 15 жылдық жеңілдік берілмек;

  • Қаржыландыру республикалық бюджет есебінен жүргізіледі.

Сенатор Бибігүл Жексенбайдың айтуынша, жобаның жалпы құны 90,8 млрд теңге, оның ішінде 2025 жылға 60,8 млрд теңге қарастырылған. Ресей тарапы «Союз-5» зымыран тасығышын дайындап жатыр, алғашқы ұшыру 2025 жылғы желтоқсанға белгіленген.

«Союз-5»-тің артықшылығы

Зымыран экологиялық тұрғыдан қауіпсіз болып саналады. Ол керосин мен оттегін отын ретінде пайдаланады және қазіргі «Протон-М»-ның орнын баспақ.

Депутаттардың айтуынша, «Бәйтерек» жобасы – Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері Байқоңырда іске асырылып отырған алғашқы толыққанды бірлескен бастама. Ол ғарыш айлағы инфрақұрылымын сақтап, отандық кадрларды даярлауға және коммерциялық ғарыш саласын дамытуға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта Қазақстанда бес ғарыш аппараты пайдаланылып жатыр, тағы бесеуі жасалу үстінде. Олардың екеуі шетелге экспорттауға арналған.

Ұқсас материалдар