Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Сиыр еті соңғы үш жылда ең жоғары қарқынмен қымбаттады

Сиыр еті соңғы үш жылда ең жоғары қарқынмен қымбаттады
4-11 ақпан аралығында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне кіретін сиырдың жауырын мен төс еті 1,2%-ға қымбаттады.

Бұл – 2022 жылдың наурыз айының ортасынан бергі ең жоғары апталық өсім. Бұл туралы ҚР СЖРА ҰСБ деректері негізінде DataHub_KZ телеграм арнасы хабарлады. 

Жалпы, соңғы жылдарды қарасақ, бағаның бұлай өсуі сирек құбылыс: 2022 жылдың басынан қазіргі аптаға дейін бұл өнім бір апта ішінде тек аталған уақытта ғана, яғни екі рет 1%-дан жоғары қарқынмен қымбаттаған.  

Өңірлер бойынша қарастырсақ, ең үлкен өсім қазір Өскеменде, бір аптада +4,4%, Көкшетауда (+4,1%), Жезқазғанда (+3,5%) тіркелді. Жалпы ҚР бойынша сиырдың жауырын мен төс еті қатарынан бесінші апта қымбаттап жатыр. Ал жыл басынан бері баға 3,9%-ға өсті.
Еттің қымбаттауы жайлы жақында Ауыл шаруашылығы министрлігі де пікір білдірді: ведомство бағаның өсуін Тәжікстан мен Өзбекстан тарапынан қазақстандық етке деген сұраныстың артуымен байланыстырады. Бұл елдер етті өңірлер бойынша сатып ала бастаған.  

Ал осы саладағы порталдар қаңтардың соңында-ақ ет комбинаттары сиыр етінің қымбаттайтыны жайлы ескертіп жатқанын жазған еді. Мұны теңге бағамының төмендеуімен байланыстырды: шетелдік сатып алушылардың доллармен ұсынған бағасы біздің валютаға айналдырғанда қазақстандық фермерлер үшін тиімді бола түсті. Нәтижесінде жергілікті нарықта да бағаның өсуіне септігін етті.

Бұған қоса, басқа факторлар да әсер етуі мүмкін. Биыл фермерлерде жемшөп қоры жеткілікті болғандықтан, малды қысқа дейін соймай, көктемге дейін бордақылау мүмкіндігі пайда болды. Салдарынан сою көлемі азайды, оған қоса ет нарығындағы ұсыныстар қысқарды. Бұл бағаның өсуін жеделдетті.

Ұқсас материалдар