Былтыр Skills Enbek кәсіптік оқыту платформасында 570 мың азамат, оның ішінде 53,5 мың жұмыссыз онлайн-курстарды сәтті аяқтап, сертификаттарға ие болды.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлім етті. Ведомствоның дерегінше, платформада барлығы 1,5 млн-нан астам пайдаланушы тіркелген, олардың 925,7 мыңы – 2025 жылы тіркелді. Ал Skills Enbek іске қосылғаннан бері жалпы шамамен 1,2 млн адам білім алды.
«Оқытылған 56,6 мың жұмыссыз азаматтың шамамен 16,9 мыңы — 16-35 жас аралығындағы жастар. Олар негізінен Түркістан (3,5 мың адам), Қостанай (2,8 мың), Қызылорда (2,5 мың) облыстарынан, сондай-ақ Алматы қаласынан (2,3 мың) және Алматы облысынан (2,2 мың) шыққан», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар 2025 жылы Skills Enbek платформасында сертификат алған жұмыссыздардың 56%-дан астамын әйелдер құрайды (32 мың адам). Әйелдердің ең жоғары үлесі Түркістан (3,5 мың), Қостанай (2,8 мың), Қызылорда (2,6 мың) облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласы мен Қарағанды облысында (әрқайсысында 2,3 мың адам) тіркелген.
«2025 жылы білім алғандардың шамамен 26 мыңы — ауылдық жер тұрғындары. Олардың басым бөлігі Түркістан (3,2 мың), Қызылорда (2,9 мың) және Алматы (2,6 мың) облыстарынан», – деп хабарлады ведомстводан.
Платформа іске қосылған сәттен бастап авторлар түрлі бағыттар бойынша 1 000-нан астам курс жариялады, олардың 382-сі — тегін. Сондай-ақ Courstore, Fluent Education және Яндекс Қазақстан серіктестерінің курстары ұсынылып, білім алушыларға осы білім беру алаңдарында оқуды жалғастыру мүмкіндігі қарастырылған.
Курстардың ұзақтығы 1 сағаттан 72 сағатқа дейін.





