ҚМА Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті құрылыс компаниясының топ менеджерлерінің заңсыз әрекетін тоқтатты. Олар көпқабатты тұрғын үй кешенін салу сылтауымен 1,8 млрд теңге қаражатын жымқырған. Бұл туралы ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тергеу барысында Өскемен қаласында екі күдікті құрылысқа қатысуға арналған жалған келісімшарттар жасап, 102 азаматты алдағаны анықталған. Нәтижесінде құрылыс нысаны ұзақ құрылысқа айналды. Мерзімдер бірнеше рет ұзартылғанымен, тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталмаған.
Компаниялар үлескерлердің ақшалай қаражатын тартуға рұқсат құжаттары болмағандықтан заң талаптарын бұзған. ҚМА хабарлауынша қазіргі уақытта күдіктілер соттың санкциясымен қамауға алынып, тергеу изоляторына орналастырылды.
Тергеу барысында күдіктілердің 2,3 млрд теңге тұратын мүлкіне тыйым салынды. Зардап шеккендерге қаражатты қайтару бойынша жұмыс жүргізілуде.