Бас әскери прокуратура Жетісу облысында әскери бөлімге тиесілі теміржол инфрақұрылымы нысаны мемлекет меншігіне қайтарылғанын хабарлады.
Сарыөзек гарнизонының әскери прокуратурасы жүргізген талдау барысында жер комиссиясының шешімі мен жергілікті атқарушы орган жасаған сатып алу-сату шарты арқылы теміржол тармағының бір бөлігінің коммерциялық компанияға заңсыз берілгені анықталды.
Қадағалау актісінен кейін әскери бөлім Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына аталған шешімдер мен шартты жарамсыз деп тану туралы талап арыз берген. Сот талапты қанағаттандырып, құны 75 млн теңгеден асатын кірме жолды Қорғаныс министрлігіне қайтару туралы шешім шығарды.
Ведомствоның мәліметінше, әскери прокуратура алдағы уақытта да әскери нысандардың сақталуы мен олардың заңға сай пайдаланылуын бақылау шараларын жалғастырады.





