Министрліктің мәліметінше, тестілік байланыс сәтті жүзеге асқан.
Цифрлық даму министрлігі Қазақстан бұл технологияны енгізетін әлемдегі алғашқы елдердің қатарына қосылатынын хабарлады. SpaceX компаниясының Direct-to-Cell (D2C) спутниктік байланыс қызметі 2026 жылдың ақпан айынан бастап ел аумағында кезең-кезеңімен іске қосылады.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл күзде АҚШ-қа жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген келісімдердің нәтижесінде жүзеге асуда. Сол сапар аясында Қазақстанға озық технологияларды енгізуге бағытталған бірқатар маңызды келісімдер жасалған.
Сынақ кезінде министр Жаслан Мәдиев пен SpaceX инженерлері Орталық Азияда алғаш рет Direct-to-Cell технологиясын тәжірибе жүзінде тексерді. Тест барысында қосымша құрылғыларсыз, кәдімгі ұялы телефон арқылы SMS-хабарлама жіберіліп, мессенджер арқылы қоңырау шалынды.
Direct-to-Cell технологиясы стандартты мобильді телефонды тікелей спутникпен байланыстырады. Бұл шешім шалғай елді мекендерде, таулы және байланысы қиын аймақтарда тұрақты байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Технология енгізілген алғашқы кезеңде Қазақстанда SMS-хабарламалар қызметі қолжетімді болады. Кейін дауыс байланысы, интернетке қосылу және өзге де цифрлық сервистер іске қосылады. Ал негізгі қызметтердің толық пакеті 2027 жылы жұмыс істей бастайды деп жоспарланып отыр.
Ұқсас материалдар
Көп оқылғандар
Алматыда испаниялық Joma 2026 жылы шығатын жаңа топтамасын таныстыруда
- 11 желтоқсан, 2025





