Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Суды заңсыз пайдаланғандарға күрес күшейді: 58,3 млн теңге өндірілді

Суды заңсыз пайдаланғандарға күрес күшейді: 58,3 млн теңге өндірілді

2025 жылғы вегетация кезеңінде су заңнамасын бұзған 310 тұлғаға жалпы сомасы 58,3 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.

Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, бұл шаралар судың «қара нарығына» қарсы күрес аясында жүргізілген. Бассейн инспекциялары вегетациялық кезеңде заңсыз су пайдаланудың алдын алып, бақылау жұмыстарын күшейткен.

Салыстыру үшін, өткен жылы суару маусымында заң бұзған 188 тұлғаға 15,8 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған болатын.

Су ресурстары және ирригация министрлігі су тапшылығы жиі байқалатын Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде төрт жұмыс тобын құрған. Бұл топтар судың әділ бөлінуін қамтамасыз етуге және су шаруашылығы жағдайына тұрақты мониторинг жүргізуге бағытталған.

– Қазіргі уақытта Бас прокуратурамен бірлесіп, заңсыз су алу фактілеріне қарсы күрес жүргізудің нақты алгоритмі әзірленіп жатыр. Сондай-ақ республика деңгейінде судың «қара нарығына» қарсы ведомствоаралық жұмыс тобын құру жұмыстары жалғасуда, – деді Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.

Министрлік алдағы уақытта бақылау және қадағалау шараларын күшейтіп, заңсыз су алумен күресті жалғастыруды жоспарлап отыр.

Ұқсас материалдар