
ҚР Энергетика министрлігі мен KazService Қазақстан мұнайсервис компанияларының одағы Қытайға іскерлік сапар ұйымдастырды.
Сапар SUPCON Technology Co. компаниясының шақыруымен өтті. SUPCON – зияткерлік шешімдер мен автоматтандыру саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі.
Қазақстан делегациясының құрамына KazService, жетекші отандық мұнайсервис және ұлттық компаниялардың өкілдері, сондай-ақ ҚР Энергетика министрлігінің өкілі Төрехан Қаженов кірді.
Делегация SUPCON және Dahua Technology компанияларының өндірістік алаңдарын аралап, автоматтандыру, цифрлық басқару, бейнебақылау жүйелері және жасанды интеллект саласындағы заманауи әзірлемелермен танысты. Бұдан бөлек, қазақстандық тарап 50 елден келген 140-тан астам компания қатысқан халықаралық жасанды интеллект форумына қатысты.
Сапар барысында ҚР Энергетика министрлігінің өкілі Төрехан Қаженов сөз сөйлеп, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жергілікті қамту деңгейін арттыру, технологиялар трансфертін дамыту және энергетика саласына инвестиция тарту мақсатында министрлік халықаралық компаниялармен технологиялық әріптестікті және өндірісті жергіліктендіруді дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Ол қытайлық әріптестерді Қазақстан аумағында бірлескен жобаларды іске асыруға шақырды.
SUPCON компаниясы Қазақстанда өндірістік алаң ашуға және отандық өндірушілермен ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық танытты. Келіссөздер барысында технологиялар трансфертін жүзеге асыру, қазақстандық кәсіпорындарды жаһандық жеткізу тізбегіне тарту, сондай-ақ инфрақұрылымдық және энергетикалық жобаларға интеллектуалды жүйелерді енгізу мәселелері талқыланды.
Сапар қорытындысы бойынша KazService, Supcon және GIC арасында жасанды интеллект, технологиялық процесті басқарудың автоматтандырылған жүйесі, бақылау-өлшеу құралдары және өндірісті цифрландыру бағыттарын дамыту мен жергіліктендіру жөнінде үшжақты меморандумға қол қойылды.
Энергетика министрлігі халықаралық технологиялық әріптестікті кеңейту және елдің энергетика саласына инновациялық шешімдерді енгізу бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады.