Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

«SuperStar KZ» қайта оралды: ұлттық арна жаңа жұлдыздарды іздейді

«SuperStar KZ» қайта оралды: ұлттық арна жаңа жұлдыздарды іздейді
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы аңызға айналған «SuperStar KZ» жобасын қайта жаңғыртпақ.

Осыған орай еліміздің түкпір-түкпірінен талантты жастарды іздеуге арналған ауқымды кастинг жариялайды. Музыкалық шоуға өнерге құштар, жасы 16-25 аралығындағы кез келген азамат қатыса алады. Офлайн кастинг 2026 жылғы 4-26 сәуір аралығында Қазақстанның 9 ірі қаласында өтеді.

«SuperStar KZ» – бұл жай ғана тележоба емес, жас таланттардың үлкен сахнаға жолын ашатын бірегей алаң. Жоба аясында қатысушылар өз өнерін көрсетіп қана қоймай, кәсіби деңгейде шыңдалып, жаңа мүмкіндіктерге ие болады.
Жоба әлемге танымал британдық Pop Idol форматы негізінде әзірленген. Қазақстанда алғаш рет 2003 жылы эфирге шығып, қысқа уақыт ішінде көрермен ықыласына бөленді.

«Qazaqstan» ұлттық телеарнасы бұл жобаны жаңа форматта қайта ұсынады. Жаңартылған маусым – жаңа есімдер мен жаңа таланттарды ашуға бағытталған.
Кастинг офлайн және онлайн форматта өткізіледі. Ірі қалаларда тікелей іріктеу кезеңдері ұйымдастырылады. Ал шалғай өңірлердегі үміткерлер өзіне жақын қалада офлайн кастингке қатыса алады немесе онлайн форматта өтініш беруіне болады.

Қазылар алқасы:

Ләйлә Сұлтанқызы – тәжірибелі журналист, танымал медиа тұлға. Жобаның алғашқы маусымында қазылар құрамында болып, жас таланттарды анықтауға үлес қосқан.

Мақпал Исабекова – танымал әнші, «SuperStar KZ» бірінші маусымының финалисі. Өнер жолын осы жобадан бастаған ол бүгінде отандық эстраданың жарқын өкілдерінің біріне айналды.

Ерболат Беделхан – әнші, продюсер, бірқатар табысты музыкалық жобаның авторы. Кәсіби тәжірибесі арқылы болашақ жұлдыздарды жағуға атсалысады.

Офлайн кастингке қатыса алмаған үміткерлер онлайн форматта өтініш бере алады. Онлайн іріктеу @superstarkz Telegram арнасы арқылы өтеді.

Ұқсас материалдар