
Шымкент қаласында 36 азамат мемлекеттің нысаналы мақсатқа берген қаржысын орынсыз жұмсап жіберген.
Олар жаңадан кәсіп ашып, бизнес жүргізудің орнына алған ақшасын отбасылық қуаныш пен өзге де тірлікке жаратқан.
Осындай әрекетке барған 26 азаматпен қазір медиациялық келісім бойынша немесе ай сайын бөліп төлеу арқылы берешегін қайтару ісі жүргізілуде.
Ал ақшаны қайтарғысы келмеген 10 азаматтың ісі сотқа жолданды. Олардың әрқайсысына 1,5 млн теңге шамасында ақша берілген.
Мұндай жағдай мегаполисте 2023 жылы белең алып кеткен көрінеді.
«Олар 158 миллион теңгеден астам қаржыны нысаналы мақсатқа жұмсамағаны үшін бюджетке қайтаруы керек. Бүгінгі таңда қайтарылғаны 45 миллион теңгені құрайды. Қалған 112 миллион теңге бойынша бүгінгі таңда жұмыстар жүргізілуде», – деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.