АҚШ пен Израиль тарапынан Иран нысандарына жасалған соққылардан кейін мұнай нарығында қысқа мерзімді өсім болуы мүмкін.
Дегенмен сарапшылар баға барреліне 150 долларға дейін көтерілмейді деп есептейді. Bloomberg шолушысы Хавьер Блас ең жоғары болжам бойынша мұнай шамамен 100 доллар деңгейіне жетуі мүмкін екенін айтады. Бұл 2022 жылғы 139 долларлық көрсеткіштен және 2008 жылғы тарихи максимум – 147,5 доллардан төмен.
Мамандардың пікірінше, ірі мұнай дағдарысының туындауына негіз жоқ. Себебі:
-
АҚШ пен Израиль Иранның мұнай инфрақұрылымына соққы жасаған жоқ;
-
Ормуз бұғазы жабылған жоқ және танкерлер қозғалысын жалғастыруда;
-
Сауд Арабиясы мен Иран шабуылға дейін экспорт көлемін арттырған;
-
АҚШ-тағы тақтатас мұнай өндірісі нарықтағы тұрақтылықты сақтауға ықпал етеді.
Сонымен қатар Қытай соңғы жылдары стратегиялық мұнай қорын көбейтіп, ықтимал дағдарысты жұмсарта алады. Иран мұнайының негізгі сатып алушысы да осы ел.
Ал Ресей үшін мұнай бағасының жоғары болуы тиімді болуы мүмкін. Ресейлік өкіл Кирилл Дмитриев баррель бағасы 100 доллардан асуы ықтимал екенін айтты.
Батыс сарапшылары қазіргі жағдайды мұнай нарығындағы уақытша құбылыс деп бағалап отыр. Олардың пікірінше, әлемдік экономика 1970-жылдардағыдай ауқымды мұнай дағдарысына тап болмайды.





