Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы әуе қатынасы кеңейіп келеді.
Енді Ташкенттен Атырауға тікелей рейс іске қосылады. Мұны Көлік министрлігі хабарлады. Министрлік мәліметінше, 29 наурыздан бастап «Uzbekistan Airways» әуе компаниясы Ташкент – Атырау бағыты бойынша тұрақты рейстерді бастайды. Рейстер аптасына екі рет – дүйсенбі және жұма күндері Airbus A320 ұшағымен орындалады.
«Жаңа әуе қатынасын ашуға 2025 жылғы 14 тамызда Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы авиациялық билік органдары арасында өткен келіссөздер алғышарт болды. Келіссөздер барысында екі ел арасындағы халықаралық рейстерді орындау үшін құқықтық базаны одан әрі кеңейту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді», – делінген хабарламада.
Сарапшылардың айтуынша, жаңа рейс екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды жандандырып, сауда мен туризмге серпін береді.





