Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

«Таза Қазақстан» акциясына 9 миллион адам қатысты

«Таза Қазақстан» акциясына 9 миллион адам қатысты
«Таза Қазақстан» акциясы аясында былтырдан бері ел бойынша 1,4 млн тонна қалдық жиналып, 2,4 млн ағаш отырғызылды.

Акцияға шамамен 9 млн адам қатысқан, оның ішінде 450 мың ерікті бар.  Бұл цифрларды ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев мәлімдеді.

− 2024 жылдан бастап және 2025 жылдың алғашқы 6 айында «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында елімізде 874 іс-шара өткізілді. Олардың қатарында республикалық «Таза кәсіп – таза аймақ», «Киелі мекен», «Таза өлке», «Мөлдір бұлақ» және «Жер сағаты», «Құстардың халықаралық күні» секілді халықаралық акциялар бар. Осылайша 1 млн 414 мың тонна қалдық жиналып, елді мекендерде 2,4 млн астам ағаш отырғызылды. Барлық акцияны қосып санағанда қатысушылардың жалпы саны 9 млн адамды құрды, оның ішінде 450 мың волонтер бар, − деді М. Ошурбаев Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, «Таза Қазақстан» – бір күндік акция емес, еліміздің әрбір тұрғынын табиғатты қорғауға, қоршаған ортаны таза ұстауға және экологиялық мәдениетті күнделікті дағдыға енгізу үшін арналған мемлекеттік бағдарлама. 

− «Таза Қазақстан» бастамасы тек қоқыс жинаумен немесе ағаш отырғызумен шектелмейді. Бұл – әлдеқайда терең әрі ауқымды жоба. Оның басты мақсаты – қоғамда экологиялық білім мен мәдениетті қалыптастыру. Біздің басты мақсатымыз – әрбір азаматтың, әсіресе жас буынның табиғатқа көзқарасын өзгерту. Біз үшін қоршаған ортаны қорғау мен оған ұқыпты қарау тек міндет емес, күнделікті өмір салтымыздың ажырамас бөлігіне айналуы керек, − деді вице-министр. 

Спикер балаларға ағаш өсіру дағдыларын үйрету жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл оларға кішкентай тұқымның толыққанды ағашқа айналуы үшін қанша уақыт қажет екенін түсінуге көмектеседі. Биыл еліміз бойынша 236 мектептен 12 мыңнан астам оқушы 36 мың тұқым отырғызған.

Ұқсас материалдар