Атырау облысындағы Теңіз кен орнында жүргізілген тексеріс нәтижесінде 27 шетелдік азамат Қазақстаннан шығарылды.
Көші-қон қызметі комитетінің мәліметінше, тексеріс Жылыой ауданындағы вахталық кентте өткен. Нәтижесінде заң талаптарын бұзған шетелдіктерге қатысты ӘҚБтК-нің 517-бабы 5-бөлігі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, істер сотқа жолданды.
Іс-шара барысында шетелдік азаматтар мен қабылдаушы тарапқа көші-қон заңнамасы түсіндірілді. Оларға елде болу мерзімі мен оны бұзғаны үшін жауапкершілік туралы ақпарат берілді.
Айта кетейік, Қазақстанда қос азаматтыққа тыйым салынған. Басқа елдің азаматтығын алған тұлғалар автоматты түрде Қазақстан азаматтығынан айырылады. Ал бұл фактіні жасырғандарға айыппұл немесе елден шығару жазасы қолданылады.





