Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Президентке қаржы нарығының 2025 жылғы қорытындысы баяндалды

Президентке қаржы нарығының 2025 жылғы қорытындысы баяндалды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қаржы нарығын дамытудың 2025 жылғы нәтижелері мен алдағы кезеңге арналған міндеттер туралы есеп берілді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, банк секторының орнықтылығы сақталып, активтер 11%-ға өсіп, 68,3 трлн теңгеге жеткен. Капитал жеткіліктілігі 20,7% болды. Мемлекет басшысына банктер туралы жаңа заң және инвестициялық қорлар мен рейтингтік қызмет туралы заң жобалары әзірленгені хабарланды.

Бизнеске берілген кредиттер 17,9%-ға артып, 14,8 трлн теңгені құрады. Кәсіпкерлерге 17,5 трлн теңге жаңа несие берілді, 8 ірі синдикатталған жоба бірлесіп қаржыландырылды. «Даму» қоры жанынан құрылған Кепілдік қоры арқылы 505 млрд теңгеге кепілдік берілген.

Тұтынушылық кредит беру екі есе төмендеген. Тәуекелі жоғары қарыздарға шектеу қойылып, борыш жүктемесінің жаңа коэффициенті енгізілген. Банктер мен микроқаржы ұйымдары 703 мың азаматтың қарызын реттеп, ішінара кешірді. Банкроттық туралы заң аясында 56 мың адамның 209,7 млрд теңге берешегі есептен шығарылған.

Қаржылық алаяқтықпен күрес шаралары күшейтіліп, кредит беру кезінде «шешім қабылдау кезеңі» енгізілді. 2025 жылы агенттік тарапынан жүздеген тексеріс жүргізіліп, 641,3 млн теңге айыппұл салынды, 58 субъект лицензиясынан айырылды.

Кездесу соңында Президент қаржы тұрақтылығын сақтау, нақты секторды несиелеуді арттыру және қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту жөнінде тапсырмалар берді.

Ұқсас материалдар