
Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушы 2025 жылғы 17 сәуірдегі бұйрығымен ҚР тұрғын үйге мұқтаж азаматтарын, қандастарды «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» электрондық базасына есепке қою ережесі бекітілді.
Мәселен, тұрғынжайға мұқтаж адамдарды есепке қою Ақпараттандыру объектісі арқылы орталықтандырылған түрде жүзеге асырылады.
Тұрғынжайға мұқтаждарды Ақпараттандыру объектісіне есепке қою үшін көрсетілетін қызметті алушы ЭЦҚ арқылы Көрсетілетін қызметті берушінің интернет – ресурсында авторландырылады және өзінің өтінім берілетін жеке кабинетін ашады.
Ұлттық даму институты мәртебесіне ие тұрғын үй құрылысы жинақ банкінің республикалық маңызы бар қалаларда, астанада Қазақстан Республикасының азаматтарын, қандастарды тұрғынжайға мұқтаждар есебіне қоюы кезінде соңғы үш жылда тұрғылықты жері бойынша тіркеу талап етіледі. Көрсетілген талап кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балаларға, ата-аналарының (ата-анасының) қамқорлығынсыз қалған балаларға қолданылмайды.
Тұрғынжайға мұқтаж деп танылған, мынадай талаптарға жауап беретін Қазақстан Республикасының кәмелетке толған азаматтары, қандастар Ақпараттандыру объектісі арқылы есепке алынады:
- бірыңғай республикалық электрондық базаға және "Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы" электрондық базасына тұрғынжайға мұқтаждар есебіне қойған кезде олардың соңғы бес жыл ішінде Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында тұрғынжайы болмаса;
- есепке алуды осы тұрғынжайдың орналасқан жері бойынша жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын олардың жалғыз тұрғынжайы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен авариялық деп танылса.
Ақпараттандыру объектісі арқылы тұрғынжайға мұқтаж адамдарды есепке қою кезінде Көрсетілетін қызметті алушы Заңның 74-бабының 1-тармағында айқындалған адамдарға тиесілігін көрсетеді.
Бұл ретте адамдарға тиесілілігінің болмауы Ақпараттандыру объектісінде тұрғынжайға мұқтаж адамдарды есепке қоюдан бас тартуға негіз болып табылмайды.
Көрсетілетін қызметті беруші өтінімді қабылдайды және бір жұмыс күні ішінде қарайды, өтініш берушінің негізгі талаптарға сәйкестігін және жоғарыда көрсетілген тұлғаға тиесілілігінің сәйкестігін тексереді.
Тұрғын үйге мұқтаж ҚР азаматтарын, жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған қандастарды есепке қою кезінде өтінімді қарау мерзімі үш жұмыс күнін құрайды. Көрсетілетін қызметті беруші өтінішке қоса берілген сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы аттестатталған сарапшының техникалық қорытындысының (тұрғын үйді техникалық тексеру нәтижелері бойынша) электрондық көшірмесін тексереді.
Өтініш берушіге және оның отбасы мүшелеріне қойылатын негізгі талаптарға сәйкестігін тексеруді көрсетілетін қызметті беруші тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы жүргізеді.
Қазақстан Республикасының тұрғынжайға мұқтаж азаматтарын, қандастарын есепке қоюдан келесі жағдайларда бас тартылады:
- олар бірыңғай республикалық электрондық базада тұрады;
- Ақпараттандыру объектісіне тұрғынжайға мұқтаждар есебіне қойған кезде олардың соңғы бес жыл ішінде Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында тұрғынжайлары бар болған немесе болған;
- мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорынан тұрғынжайға мұқтаждар есебіне қойған кезде олардың осы елді мекенде меншік құқығында тұрғынжайлары болған;
- мемлекеттік кәсіпорынның тұрғын үй қорынан тұрғынжайға мұқтаждар есебіне қойған кезде олардың Қазақстан Республикасында меншік құқығында тұрғынжайлары болған;
- мемлекеттік тұрғын үй қорынан пайдалануға берілген тұрғынжайы немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайы болған;
- ұсынылған құжаттарда және (немесе) мәліметтерде анық емес деректер болған;
- олар бұрын мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайларды алған және жекешелендірген;
- олардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық деп танылған, басқа елді мекенде орналасқан жалғыз тұрғынжайы болған;
- Ипотекалық бағдарлама, жоспарлау жүйесінің құжаттары, тұрғын үй құрылысының мемлекеттік бағдарламалары, саланы (аяны) дамыту тұжырымдамасы шеңберінде ипотекалық тұрғын үй қарызын пайдалана отырып, меншігіне тұрғынжай сатып алған жағдайларда тұрғынжайға мұқтаждар есебіне қоюдан бас тартылады.
Бұйрық 2025 жылғы 24 мамырдан бастап қолданысқа енгізіледі.