
Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Облыста мақтаны терең өңдейтін және дайын өнімді экспортқа шығаратын көп бейінді кешен құру бойынша құны 146,8 млрд теңгені құрайтын ауқымды инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ.
Жоба үш кезеңде жүзеге асырылады. 2024 жылы тамшылатып суару әдісімен 1,2 мың гектар алқапқа мақта егілді. Өнімділік 60 ц/га құрады. Биыл екінші кезең аясында 32 мың гектар алқапқа егін егіліп, мақта өңдейтін үш зауыттың, тамшылатып суару жүйесін шығаратын зауыттың, қуаттылығы 45 млн погон метрді құрайтын тоқыма емес материалдар шығаратын зауыттың құрылысы басталады.
2026 жылы мақта егетін алқапты 50 мың гектарға дейін ұлғайту, сондай-ақ екі мақта өңдеу зауыты, тігін фабрикасы, бояу және әрлеу фабрикасының құрылысын бастау жоспарлануда.
«Биыл облыста бұл бағытта айтарлықтай ілгерілеушілік бар.Егер 2023 жылға дейін тамшылатып суару әдісімен 2 мың гектар ғана мақта өсірілетін болса, биыл бұл көрсеткіш 50 мың гектарға дейін артты. Саланы дамыту үшін мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылуда. Мақта шаруашылығы саласындағы жобаларды жан-жақты қолдауға дайынбыз», – деді ауыл шаруашылық министрі Айдарбек Сапаров.
Жобаның барлық кезеңдерін жүзеге асыруды жеделдетіп, өңдеу кәсіпорындарының уақытылы салынуын қамтамасыз етуді тапсырды.