2026 жылы Қазақстанда негізгі туристік аймақтарға көлік қолжетімділігін арттыруға бағытталған ауқымды жол құрылысы жобалары жүзеге асырылып жатыр.
Республикалық маңызы бар автожолдарды реконструкциялау жол жүру уақытын қысқартумен қатар, жол бойындағы инфрақұрылым сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде ішкі туризмнің дамуына серпін бермек.
Маңызды жобалардың бірі – «Бейнеу – Сексеуіл» бағыты. Бұл жол болашақта Каспий теңізі жағалауына апаратын көлік дәлізін қалыптастырады. Сонымен қатар «Орталық – Батыс» дәлізі Торғай өңірін елордамен байланыстырып, жаңа туристік маршруттардың ашылуына жол ашады. Ал «Өскемен – Рахман қайнары» жобасы Шығыс Қазақстан облысы туризмінің дамуына ықпал етпек.
Орташа жөндеу жұмыстары аясында туристік нысандарға апаратын бірқатар жолдар да жаңартылады. Атап айтқанда:
- Жаңаөзен – Кендірлі
- Өскемен – Қатонқарағай
- Көкшетау – Зеренді
- Кеген – Қырғызстан шекарасы
- Қалқаман – Баянауыл бағыттары қамтылады
Бұдан бөлек, өңірлерде туристік аймақтарға қолжетімділікті жақсартуға бағытталған 33 жоба іске асырылуда. ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясы жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, жол бойындағы сервисті дамыту жұмыстарын жүргізіп келеді. 2026 жылы 50 жаңа сервистік нысан салу жоспарланған.
Сондай-ақ Алакөл жағалауына жетуді жеңілдету мақсатында ұзындығы 8,2 шақырым болатын Қабанбай ауылының айналма жолының жобасы әзірленді. Бұл елді мекендегі көлік жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.
Жалпы, жүзеге асырылып жатқан жобалар автожолдардың өткізу қабілетін арттырып, инфрақұрылым сапасын жақсартып, туристік нысандарға жету уақытын қысқартуға ықпал етеді. Нәтижесінде ішкі туризм дамып, жол саласындағы кәсіпкерлікке жаңа мүмкіндіктер ашылады.





