Жазғы маусымда туристер легінің артуына байланысты Қазақстанның демалыс орындарына қосымша 15 пойыз қатынайтын болады.
Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді. Министрдің айтуынша, қосымша бағыттардың басым бөлігі Алакөл көлі жағалауына қатынайды. Жалпы 15 қосымша пойыздың 10-ы Алакөл бағытына жолға шығады.
Жаңа пойыздар Астана – Достық, Алматы – Достық, Семей – Достық, Өскемен – Достық, Қарағанды – Балқаш, Алматы – Семей, Ақтөбе – Астана және Нұрлы жол – Шымкент бағыттары бойынша қатынайды.
Сұранысты толық қамтамасыз ету үшін пойыз құрамдарының ұзындығы да ұлғайтылды. Бұған дейін орта есеппен 13 вагоннан құралған пойыздар енді 18 вагонға дейін ұзартылмақ.
Сонымен қатар туристік инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары жалғасуда. Биыл Алматы – Өскемен автожолы бойындағы жөндеу жұмыстары аяқталып, жол жүру уақыты шамамен төрт сағатқа қысқарды.
Теміржол саласында да ауқымды жаңғырту жүргізіліп жатыр. Қазір еліміз бойынша 124 вокзал қайта жөнделуде немесе жаңадан салынуда. Оның ішінде Көкшетау вокзалы, Бурабай курорты вокзалы, Қонаев вокзалы, Көктұма вокзалы, Ақши вокзалы, Манкент вокзалы және Балқаш-2 вокзалы нысандарындағы жұмыстар аяқталған.
Үкіметтің пікірінше, қосымша пойыздардың іске қосылуы мен көлік инфрақұрылымының жаңаруы ішкі туризмнің дамуына серпін беріп, қазақстандықтардың танымал демалыс орындарына қолжетімділігін арттырады.





