Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев қалдықтардың барлық түрін басқаруға арналған жаңа тұжырымдама жобасын таныстырды.
Құжат қалдықтар есебін реттеуді, инфрақұрылымды жаңартуды және саланы интеграцияланған модельге көшіруді көздейді.
Вице-министрдің айтуынша, бүгінде қалдықтардың 30%-ы мүлде есепке алынбайды, кәсіпорындардың тек 10%-ы ғана электронды есеп тапсырады, ал мемлекеттік кадастр мен геология деректері арасында айырмашылық көп. Бұл мәселені шешу үшін барлық қалдықты толық түгендеу, кадастрды жаңарту, қалдық түзушілерді міндетті тіркеу және жасанды интеллект негізінде саланы цифрландыру ұсынылды. Сондай-ақ «бір реттік легализация» жүргізіліп, көлеңкеде қалған қалдық көлемін айыппұлсыз есепке алу мүмкіндігі беріледі.
Тұжырымдама қалдықтарды реттейтін нормаларды бір жүйеге келтіруді де көздейді. Әлиевтің айтуынша, түрлі заңдар арасындағы қайшылықтар бақылауды қиындатып, жауапкершілік бөлінісін бұлыңғыр етеді. Жаңа модель өкілеттіктерді нақты бекітіп, қайта өңдемегені үшін жауапкершілікті күшейтеді.
Негізгі жаңалықтың бірі – утильалым есебінен заманауи тұрмыстық қалдық полигондарының құрылысына қаржыландыру тетігінің енгізілуі. Бұған қоса, тарифтер үш жыл сайын қайта есептеледі, салықтық жеңілдіктер мен субсидиялар қарастырылады, ал РОП жүйесі жаңғыртылмақ.
Вице-министр қалдықтарды басқаруда халық пен бизнестің экологиялық мәдениетін көтеру де басты бағыттың бірі екенін атап өтті. Бұл Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасына сәйкес жүзеге асырылмақ.





