
2025 жылғы 25 маусымда ҚР Үкіметінің отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасының іске асырылу барысы туралы баяндама жасады.
Министрдің айтуынша, бастама азаматтардың экологиялық мәдениетін арттыруға, табиғатқа құрметпен қарауға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған. Жалпыұлттық сипат алған акцияға 2 миллионға жуық адам қатысқан, оның ішінде 156 мың ерікті бар.
2025 жылдың басынан бері елімізде «Таза Қазақстан» аясында 573 іс-шара өткізілді. Оның ішінде республикалық деңгейдегі («Таза кәсіп – таза аймақ», «Киелі мекен», «Мөлдір бұлақ» және т.б.) және халықаралық акциялар («Жер сағаты», «Құстар күні») ұйымдастырылып, 189 мың тоннаға жуық қалдық жиналып, 735 мың гектар аумақ тазартылған. Сонымен қатар, 2 миллионнан астам ағаш отырғызылды.
Министр өңірлердегі қатты тұрмыстық қалдық (ҚТҚ) полигондарын салу мен қалдықтарды қайта өңдеу жобаларына 53 млрд теңге көлеміндегі утильалым қаржысы бағытталатынын мәлімдеді. Сондай-ақ Telegram желісіндегі @TazaQazBot чат-боты арқылы биыл 11 мыңнан астам өтініш түсіп, соның 10 мыңы орындалған.
Елді мекендерді көгалдандыру мен ормандылықты арттыру жұмыстары да жалғасуда. Биыл бизнес өкілдері де экологиялық шараларға белсенді атсалысып, 281 акция ұйымдастырған.