WhatsApp мессенджерінде кибералаяқтықтың жаңа түрі пайда болды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті жанындағы қылмыстық қауіп-қатерлерді болжау орталығы шетелдік дереккөздерге сүйене отырып, WhatsApp қолданушыларына жаңа қауіп туралы ескертті.
Мәліметке сәйкес, алаяқтар GhostPairing деп аталатын жаңа схеманы қолдануда. Бұл әдіс парольді бұзуды немесе SIM-картаны ауыстыруды қажет етпейді. Қаскөйлер WhatsApp-тың «қосымша құрылғыларды байланыстыру» функциясын пайдаланып, аккаунтқа заңды түрде қол жеткізеді.
Сценарий бойынша пайдаланушыға Facebook немесе WhatsApp атынан жалған хабарлама жіберіледі. Ондағы сілтеме фейк-парақшаға бағыттайды. Контентке қолжетімділікті растау үшін телефон нөмірі мен растау кодын енгізу сұралады. Осыдан кейін алаяқ жәбірленушінің аккаунтына қосымша құрылғы ретінде қосылып, толық қол жеткізеді: хабарламаларды оқиды, медиафайлдарды қарайды, байланыстар тізімін алады және хабарлама жібере алады.
Бұл ретте телефон қалыпты жұмыс істей береді, сондықтан пайдаланушы күдіктенбеуі мүмкін. Аккаунттың бұзылғанын тек «Байланыстырылған құрылғылар» бөлімін қолмен тексеру арқылы ғана анықтауға болады. Белгісіз құрылғы анықталған жағдайда, оны дереу жою қажет.
Полиция азаматтарды киберқауіпсіздік талаптарын сақтауға, белгісіз хабарламалар мен сілтемелерге сенбеуге, растау кодтарын бөгде сайттарға енгізбеуге шақырады. Сондай-ақ екі факторлы аутентификацияны қосып, аккаунт белсенділігін үнемі бақылап отыруға кеңес береді.





