Қазақстан мен Франция Жамбыл облысында қуаттылығы 1 ГВт болатын жел электр стансасын салу жобасын іске асырудың белсенді кезеңіне өтті.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі хабарлады. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов TotalEnergies компаниясының басшылығымен кездесіп, Қазақстандағы ірі инвестициялық жобалардың барысын талқылады.
Соның ішінде Жамбыл облысы аумағында салынатын «Мирный» жел электр стансасына ерекше назар аударылды. Жоба аясында жел генерациясымен бірге 300 МВт/600 МВт·сағ энергия жинақтау жүйесі орнатылады және стансаны электр желісіне қосу үшін 280 шақырым жоғары кернеулі желі тарту жоспарланған.
Жоба Қазақстан мен Франция арасындағы декарбонизация бағытындағы ынтымақтастықтың маңызды бөлігі саналады.





