Өзбекстанда 1 сәуірден бастап бірқатар тауар мен қызмет үшін қолма-қол ақшамен төлеуге тыйым салынады.
Бұл шешім көлеңкелі экономикамен күресу және картамен, цифрлық төлемдерді кеңейту мақсатында қабылданды. Тиісті жарлыққа ел президенті Шавкат Мирзиёев қол қойды.
Тыйым алкоголь мен темекі өнімдеріне, мемлекеттік органдар мен ТҮКШ қызметтеріне, автокөлік пен жылжымайтын мүлік сатып алуға, жанармай бекеттеріне, сондай-ақ құны 25 млн сумнан асатын тауарларға қатысты болады. Төлемдер банк карталары мен QR-кодтар арқылы жүзеге асырылады.
Өзбекстанның Орталық банкі 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін бірыңғай QR-код жүйесін енгізуі тиіс.
Бұл өзгеріс Қазақстан азаматтарына да әсер етуі мүмкін. 2025 жылдың 10 айында Өзбекстанға 2,3 млн қазақстандық барған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 76%-ға көп. Сарапшылар туристер мен туыстарына баратын азаматтарға жаңа талаптарды ескеруге кеңес береді.





