2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жұмыс берушілер қызметкерлерінің табысынан 3,5% мөлшерінде міндетті зейнетақы жарнасын (ЖМЗЖ) аударуға міндетті.
Бұл талап кезең-кезеңмен енгізіліп келеді: 2024 жылы – 1,5%, 2025 жылы – 2,5%, ал 2028 жылға қарай көрсеткіш 5%-ға дейін өседі.
ЖМЗЖ жүйесі 1975 жылдан кейін туған азаматтардың болашақ зейнетақысын арттыруға бағытталған. Себебі бұл санаттағы адамдардың көпшілігінде 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі жоқ немесе аз, сондықтан ынтымақты зейнетақыға негіз қалыптаспайды.
Болашақта олардың зейнетақысы үш бөліктен тұрады: базалық мемлекеттік төлем, қызметкердің өз міндетті жарналары және жұмыс беруші аударған міндетті жарналар есебінен қалыптасатын шартты-жинақтаушы зейнетақы.
Жұмыс берушілердің жарнаны уақтылы әрі толық төлеуін Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті қадағалайды. Ал бұл жүйе бойынша төлемдер азаматқа өмір бойы жүргізіледі. Тек азамат Қазақстаннан тұрақты тұруға көшкен немесе азаматтығын өзгерткен жағдайда ғана төлем тоқтатылады. ЖМЗЖ қаражаты жеке меншік болып саналмайды және мұраға қалдырылмайды.





