2026 жылы мемлекеттік еңбек инспекциясы 2400-ден астам жоспардан тыс тексеру жүргізіп, нәтижесінде 22 мыңнан астам жұмыскердің еңбек құқығын қорғады.
Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді. Министрдің айтуынша, еңбек заңнамасының сақталуын бақылау мақсатында жүргізілген тексерулер барысында 2800-ге жуық заңбұзушылық анықталған.
– Тексеру қорытындысы бойынша еңбек заңнамасын бұзудың шамамен 2800 дерегі тіркелді. Оларды жою үшін орындалуға міндетті 1630 нұсқама берілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 22 мыңнан астам жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды, – деді Асқарбек Ертаев.
Министр еңбек қауіпсіздігі саласында атқарылып жатқан жұмыстар өндірістік жарақаттану деңгейін төмендетуге ықпал етіп отырғанын айтты.
Оның мәліметінше, 2024 жылмен салыстырғанда өндірістегі жазатайым оқиғалар саны 4,5 пайызға азайып, 1408 жағдайдан 1345 жағдайға дейін төмендеген. Ал өлімге әкелген жазатайым оқиғалар шамамен 8 пайызға қысқарып, 202 жағдайдан 188 жағдайға азайған.
Сонымен қатар өндірістік жарақаттанудан ең көп зардап шеккен салалар да аталды.
– Зардап шеккендердің ең жоғары үлесі тау-кен металлургия кешенінде – 16 пайыз, құрылыс саласында – 10 пайыз және мұнай-газ секторында – 5 пайыз болды, – деді министр.
Бұған дейін Асқарбек Ертаев Қазақстанда шамамен 480 мың адамның еңбек жағдайы зиянды әрі қауіпті жұмыстарда еңбек ететінін мәлімдеген болатын.





