Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Жыл басынан бері 5 трлн теңгеге мемлекеттік сатып алу рәсімі өтті

Жыл басынан бері 5 трлн теңгеге мемлекеттік сатып алу рәсімі өтті

 2025 жылдың алғашқы үш айында 5 трлн теңгеге 692 мың мемлекеттік сатып алу рәсімі өткізілді. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл айтып берді.

«Өткен жылдың I тоқсанының қорытындысы бойынша 1,5 трлн теңгеге шарт жасалса, биыл 4 трлн теңгеге шарт жасалды. Яғни, биыл жалпы сомасы 2,5 есе артық шартқа қол қойылған. Көрсеткіштердің өсуіне жаңа заң шеңберіндегі сатып алу мерзімдерін қысқарту мен рәсімдерін оңтайландыру әсер етті», – деді Д. Кеңбейіл Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, мемлекеттік сатып алудың рейтингтік-балдық жүйесі жетілдірілді, бұл – адамның қатысуынсыз, ақпараттық деректерді қолдану арқылы әлеуетті жеткізушілерді айқындайтын конкурстық жүйе. Оны өткізу мерзімі 30 күннен 5 күнге дейін қысқартылды. Бүгінде бұл жүйе бойынша құрылыс, жобалау, техникалық қадағалау жұмыстары сатып алынады.

«Конкурстық комиссия құрылмайды, яғни адами фактор жоқ. Біздің дереккөздерді қолдану арқылы жеңімпаз автоматты түрде анықталады және бұл жүйе бойынша өткен конкурстың қорытындылары шағымдануға жатпайды», – деді қаржы вице-министрі.

Оның айтуынша, барлық сатып алуларды осы жүйеге көшіру жоспарланған. 1 қыркүйектен бастап орташа жөндеу және абаттандыру жұмыстары осы жүйеге ауыстырылады.

Еске сала кетсек, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң күшіне енген болатын. Сатыпалымның жаңа тәртібі жобаларды іске қосуды жеделдетіп, сыбайлас жемқорлықтың сын-қатерін азайту мен жергілікті бизнесті қолдауға бағытталған.

Ұқсас материалдар