
Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлер биылғы 15 қыркүйекке дейін мүлік пен табыс декларациясын тапсырады.
Жиналған деректер әр министрліктің ресми сайтында жыл соңына дейін жариялануы тиіс. Ұлттық экономика министрі – Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің айтуынша, бұл шара ашықтық пен қоғам алдындағы есептілікті арттыруға бағытталған.
«Министрліктердің кадрлық қызметтері мемлекеттік қызметкерлердің декларацияларын басып шығарып, оларды ведомствоның сайтында орналастырады. Декларацияда өткен жылы сатып алынған барлық мүлік, бағалы қағаздар және қаржыландыру көздері көрсетіледі», – деді Жұманғарин.
Алайда жарияланатын құжаттарда жалақы мөлшері көрсетілмейді. Бұл мәлімет тек Қаржы министрлігіне қолжетімді болып қала береді.
Декларацияда мына деректер қамтылады:
-
Өткен жылы сатып алынған жылжымайтын мүлік;
-
Бағалы қағаздар;
-
Қаржыландырудың барлық көздері.
Бұл қадам мемлекеттік басқарудағы ашықтықты арттыру, жемқорлық тәуекелдерін азайту және қоғамның мемлекеттік аппаратқа деген сенімін нығайту мақсатында қолға алынған.