Қысқы гид: Алматыда қыста қайда демалуға болады?

35
Фото: Profi.Travel

Қоңыр күздің аяқталып, қытымыр қыстың басталуына аз ғана уақыт қалды.Қараша демесеңіз қазірдің өзінде жердің  беті ақ мамық жамылған. Алда қысқы демалыс келе жатыр. Демек, тауға, қала сыртына шығып, достарыңызбен, отбасыңызбен демалатын уақыт жетті. Дайындық та басталды: біреулер шаңғысын майлап, енді бірі конькиін тазалап дегендей. Сонымен, қысы ерекше Алатауда қай жерлерге баруға болады. 7kun бүгін осы сауалға жауап іздейді.

Шымбұлақ

“Шымбұлақ” тау шаңғы курорты – Іле Алатауы шатқалында 2510 метр биіктікте орналасқан. Таудың кереметтей көрінісі, жұмсақ климаты мен шуағы мол күндердің көп болуы, қар қабатының ұзақ уақыт жатуы туристер мен тау шаңғы спорты әуесқойларын еріксіз өзіне тартады.

Фото: almaty-travel.kz

Шуақты күндері Шымбұлаққа мыңдаған демалушылар ағылып келіп жатады. Шаңғышылар мен сноубортшылардың сүйікті мекеніне айналған курортта  отырғышы бар көтермелермен Талғар асуына (теңіз деңгейінен 3163 м биіктіктегі) шығуға болады.

Тыныш, жайлы демалысты қаласаңыз курортта қонақ-үй, мейрамхана, боулинг және сауна моншасы бар.

 Қалай жетуге болады?

  • Автомобильмен «Медеу» бекетіне дейін, одан әрі “Шымбұлақ” тау шаңғысы кешеніне дейін гондольды жолмен;
  • №12 автобуспен ,ДОСТЫҚ-ҚҰРМАНҒАЗЫ аялдамасынан “Медеу” базалық станциясына дейін (күн сайын 7:00-ден 20:00-ге дейін), одан әрі гондольды жолмен “Шымбұлақ” тау шаңғысы кешеніне дейін;
  • «Медеу» бекетінен экотакси арқылы.

«Медеу» мұз айдыны

Медеу – Іле Алатауы баурайында теңіз деңгейінен 1691,2 м биіктікте орналасқан ірі спорттық кешен. 120-дан аса әлемдік рекорттар орнатылған бұл мұз айдынына бір келіп, коноькимен сырғанау бүгінде тек қала тұрғындары емес, қонақтары үшін де дәстүрге айналған.

Фото: kt.kz

Қалай жетуге болады?

  • №12 автобуспен, ДОСТЫҚ – ҚҰРМАНҒАЗЫ аялдамасынан күнделікті сағат 7: 00-ден 23: 30-ға дейін (күнделікті 30 минут сайын және демалыс күндері 20 минут сайын) биік таулы “Медеу”спорт кешеніне дейін.
  • Көлікпен Әл-фараби даңғылынан “Медеу” биік таулы спорт кешеніне дейін Достық даңғылы бойымен оңтүстікке 14 км.

Үлкен Алматы көлі

Үлкен Алматы көлі – Іле-Алатауында 2511 метр биіктікте тауда орналасқан. Бір ғажабы көл өзінің түсін жыл мерзіміне қарай ашық жасыл түстен көгілдір ақық түске өзгертіп тұрады. Мұнда адамдар көлдің сұлулығын тамашалауға, отбасылық демалысты өткізу үшін қысы-жазы жиі келеді. Үлкен Алматы шатқалында «Озерное» және «Өтпелі» деген екі шатқал созылып жатыр. Алматы-Алақыр асуынан кейін Іле-Алатауының басына мұз қатқан әсем шыңдарын тамашалай аласыз.

Фото: arttravel.kz

Климаты өзгеден ерек демалыс орнына барар болсаңыз қалың киіміңізді ұмытпағаныңыз жөн. Өзіңізбен фотоаппарат алып алсаңыз тіпті керемет, себебі мұндағы келген әрбір қонақ фотосесия ұйымдастырмай кете алмайды.

 

Қалай жетуге болады?

  • № 28 автобуспен Президент паркі аялдамасынан соңғы Орбита аялдамасына дейін, одан әрі жаяу, бірақ жол ұзақ.
  • Президент паркі аялдамасы жанынан таксимен трубаға дейін (400-500тг адам басына) немесе көлге дейін ( адам басына 1000 тг) баруына болады.

“Табаған” спорттық сауықтыру кешені

“Табаған” спорттық сауықтыру кешені – Алматы облысының Талғар ауданына жақын ұлттық табиғи қорықта орналасқан. Алматы шекарасынан 17 шақырым қашықтықта. Ең биік нүктесі теңiз деңгейiнен 1650 метр шамасында. 

Фото: tabagan.com

Табаған барлық отбасы мүшелерімен бірлесіп демалуға арналған керемет орын. Мұнда жылдың төрт мезгілінде де келуге болады. Қыстың күні демалыс кешені қонақтарына төмендегідей қызмет түрлерін ұсынады:

– мұз айдыны;
– шана трассасы;
– ұзындығы 1 км парнокресельді арқан жолы;
– 2 бугельді-креслолы көтергіш (400 және 600 м));
– шаңғымен және сноубордпен сырғанауға арналған күрделілік дәрежесі әртүрлі 11 трассалар (трассалардың жалпы ұзындығы – 37 км);
– шаңғымен жүгіруге арналған трассасы;

Қалай жетуге болады?

  • Алматыдан Талғар трассасы арқылы Бесқайнар кенті жетуге болады, оның жанында “Табаған”ҚРК орналасқан.

“Лесная Сказка” тау шаңғы курорты

“Лесная Сказка” –  Алматы қаласының орталығынан 40 минуттық жерде, Талғар ауданынның, Ой-Қарағай шатқалында орналасқан. Ол теңіз деңгейінен 1650 метр биіктікте, Іле Алатауы жоталарының арасында қылқан жапырақты орман аймағында орналасқан.

Фото: Extremal.kz

3000 адамға дейін қызмет көрсететін бұл курортта келген қонақтарға барлық жағдай жасалған.Әсіресе, отбасыңызбен, достарыңызбен демалатын таптырмас орын. Кешенде қалай дем алу өз таңдауыңызда, ал “Лесная сказка” сіздерге ертегідей мүмкіндіктер сыйлайды:

  • сноубордта сырғанау;
  • сноутьюбинг;
  • мұз аренасы;
  • тау шаңғысы трассасы (ең жоғарғы биіктігі-1 650 м, еңісі-35-тен көп емес, doppelmayer бугельді көтергіші, бугель ұзындығы – 0,5 км);
  • тау шаңғысы мектебі (балалар мен ересектер үшін);
  • трекинг;
  • троллей паркі;
  • ат серуені, иппотерапия;
  • балалар тау шаңғысы клубы (5 жастан асқан балалар үшін шаңғымен сырғанауға үйрету).

Қалай жетуге болады?

  • Талғар трассасы басталатын жол айрықтан бастап,Қотырбұлақ шатқалына оңға бұрылып, одан жоғары тікелей Табағаннан 6 км жоғары жүреді.
  • Сенбе және жексенбі күндері Орталық стадионнан (Абай даңғ) сағат 8:45-те автобус(адам басына 1500тг) жүреді.

Park Resort «8 Озер»

Park Resort «8 Озер»  –  Талғар ауданындағы Каменный Плато кентінде орналасқан. ТМД-дағы ең үлкен жағажай орталығы қыста жұмыс істемейді деп кім айтты? Мұнда қысқы демалысты өткізу үшін бірнеше қызмет түрлері қарастырылған. Төбеден төмен қарай құлдилап,қарда сырғанауға, коньки мен шаңғы тебуге болады. Сондай-ақ адреналинды жаны сүйетіндерге банан мен сноутьюбта сырғанауға мүмкіндік бар. Егер тыныш демалысты қаласаңыз, демалыс орнында СПА кешені бар.

Демалыс аймағындағы қолжетімді баға мен сапалы қызмет кез келген адамды өзіне ғашық етеді. 

Фото: goTUR.kz

Қалай жетуге болады?

  • Құлжа трассасы бойымен, Панфилов ауылынан кейін, Еңбекші ауылына жетпей, солға қарай бұру керек. Төңкеріс ауылынан оңға қарай бұрылып, 2,8 км – ден кейін тағы да оңға бұрыңыз және 1 км-ден кейін кешене жетесіз.

«Ақ бұлақ» тау шаңғы курорты

Фото: ak-bulak.kz

«Ақ Бұлақ» тау шаңғы  курорты –  Талғар тауларының  етегінде, теңіз деңгейінен 1600 метр биіктікте орналасқан. Еліктіріп әкететін табиғат көріністері, таңдаулы демалыс, атпен серуендеу, арқан жолы, тау шаңғысы және сноуборд трассалары  тәрізді қызметтер ұсынылады. Ақ Бұлақ Швейцарияның ең үздік курорттарымен бәсекелесетін, Алматы қаласының маңындағы бірегей курорттық орын. Курортта «Ақ Бұлақ» жабық мұз айдыны өзінің тегіс айдынымен қонақтарға ерекше сезім сыйлайды.

Қазіргі уақытта тау шаңғысы курортында 5 көтергіш жұмыс істейді: 2 арқанды-креслолы жолдар (800 м және 1350 м), арқанды-гондольды жолдар (2351 м), арқанды-бугельді жолдар (250 м) және бэби-лифт (200 м) – сноутьюбинг трассасына көтерілу үшін.

Қалай жетуге болады?

  • Алматыдан Құлжа немесе Талғар тас жолы арқылы Талғар қаласынан өтіп, Рысқұлов ауылына апаратын жолға бұрылу керек.