2016 жыл сан алуан оқиғалар мен өзгерістер бай болды. Фотографтар - сол тарихи сәттерді жеткізетін басты коммуникаторлардың бірі. Назарларыңызға өткен жылдағы ең ерекше сәттерді бейнелеген үздік суреттерді ұсынамыз.
Осы жылдың 16 шілдесінде Түркияда билікке наразы топ әскери төңкеріс жасауға тырысып, елде хаос орнады. ЕРА агенттігінің фотографы Садат Суна полицей мен әскери төңкеріс жасаушының арасындағы қақтығысты түсіріп алған. Оның айтуынша, сол түні жас сарбаздар не болып жатқанын тіпті түсіне алмаған. "Мен Таксим алаңына келгенде әскерилердің бірі менен "Не болып жатыр? Біз неге келдік?" деп сұрады. Бірден үйіне қайтуға кеңес бердім", - дейді ол.
Наурызда Барак Обама Кубаға келді. Reuters агенттігінің фотографы Альберто Рейес осы тарихи сәтті басқаша ракурстан түсіріп алған. Оның сөзінше, ыңғайлы әрі ерекше орын іздеуде оған жергілікті тұрғындар көмектескен. "Үйлердің үстінен өте төменде ұшып бара жатқан ұшақты түсіріп алу үшін менің бар болғаны бірнеше секундым ғана болды", - дейді ол.
Reuters қызметкері Горан Томасевичтің сөзінше, ол Мосулдағы ұрыстар кезінде кезекті әуе шабуылы қай жерге түсетіндігін алдын ала білген. Сол секундтардағы көңіл-күйін ол былай түсіндіреді: "Ұрыс арасындағы үзіліс кезінде тұрғындар көшеде жүрген еді. Бірақ шабуыл өте тез және өте жақыннан болғаны сондай адамдар көрінген жерге тығылуға мәжжбүр болды. Мұндай сәттерді түсіру үшін алдымен өзің қауіпсіз жерге тасаланып барып, объективті дайын ұстап тұру керек. Жақсы кадр түсіру үшін салқынқанды бола білу қажет".
Жылдың ең басты суреттерінің бірі - Анкарадағы көрмеде Ресей елшісіне оқ атқан Мевлют Алтынташтың бейнесі. "Маған не болғанын түсіну үшін бірнеше секунд қана қажет болды. Әрине, егер ол мені байқап қалса не болады деген ойдан мен қорықтым. бірақ бәрібір оны түсіріп алуға тырыстым. Менде тек бір ғана ой болды: "Егер мені атса да, жараласа да бәрібір журналист болып қаламын. Мен жұмысымды орындауым қажет. Мен бір-де бір сурет түсірмей, қашып кетсем де болар еді. Бірақ онда "Сен неге ешнәрсе түсірмедің?" деген сұраққа жауап бере алмас едім", - дейді Associated Press фотографы Буржан Озбилжи.
Жылдағы ең басты оқиғалардың бірі Америкадағы президент сайлауы болды. Науқан кезінде Reuters фотографы Рик Уилкингке екі үміткердің қарым-қатынасын барынша бейнелейтін кадр түсіріп алудың сәті түскен. Суретте Дональд Трамп Хиллари Клинтонның аудиториядағылардың сұрағына қалай жауап бергенін бақылап тұр. Шара - 9 қазанда Сент-Луистегі Вашингтон Университетінде өткен президенттік дебаттардың бірі.
Рим папасы Францисктің 28 шілдеде Польшаға барған сапарларының бірінен көрініс. Жалғыз өзі бұрынғы Освенцим концлагеріндегі "Еңбек еркіндік береді" деген жазу жазылған қақпадан өтіп бара жатыр. Reuters фотографы Филиппо Монтефорте түсірген бұл кадр - тарихи сәттің бірі. Журналистердің сөзінше, бір жарымға сағатқа созылған шара тек тыныштықта өткен. Қысқаша дұға оқығаннан кейін ол бұрынғы тұтқындармен кездесті.
Өткен жылдағы басты проблемалардың бірі - Африка жағалауынан Еуропаға ұмтылған босқындар мәселесі. Соңғы деректер бойынша, Жерорта теңізі арқылы 160 мың мигрант арғы жағалауға шыққан, 4 мыңға жуығы жолда қайтыс болған. Reuters журналисті Яра Нарди түсірген кадрде итальялық Вибо Марина портына бару үшін құтқару кемесін күтіп отырған босқын бейнеленген.
АҚШ президенті Барак Обама мен бірінші ханым Мишель Обама балаларға арнап "Құбыжықтар өмір сүретін мекен" атты кітап оқып отыр. Шара 28 наурызда Ақ үйдің оңтүстік алаңқайындағы жыл сайынғы Пасхам мерекесі қарсаңында өткен. Президенттің сөзінше, бұл - бала кезіндегі ең сүйікті кітабы. Айта кету керек, 2016 жыл - Барак Обаманың Ақ үйдегі соңғы жылы. Мишель Обама екеуі Трамптар отбасын Ақ үйге шақырып, аралатып үлгерді. Фотограф - Юри Грипас / Reuters.
Жылдағы даулы өзгерістің бірі - Ұлыбританияның Еуроодақ құрамынан шығуы. Брекситтен кейін ел премьері Дэвид Кэмерон отставкаға кететіндігін хабарлап, орнын Тереза Мэйге босатты. Reuters фотографы Стефан Вермут түсірген суретте бұрынғы премьер-министр жұбайы Саманта және балалары Нэнси, Флоренс, Артурмен бірге Даунинг-стриттегі резиденциясынан кетіп бара жатыр.
Рио-де Жанейродағы Жазғы Олимпиаданың ашылуы кезіндегі Маракана стадионының үстінен атылған отшашу. Фотограф - Рикардо Мораес. Шынын айтқанда, 4 жылда бір болатын турнир бразилиялықтардан басқасына қуаныш сыйлағандай еді. Былтырғы футболдан Әлем Чемпионаты кезінде де қала тұрғындары жиі қарсылық акцияларын өткізген. Олар ел жағдайының нашарлағанына қарамастан биліктің ірі спорттық шараларды өткізгеніне наразы.