Парламент Сенатының кезекті отырысында 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы мен жалпы сипаттағы трансферттер көлемі қаралды.
Талқылау барысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин алдағы үш жылдық бюджет өз-өзін толық қамтамасыз ете алатынын айтты.
Министрдің айтуынша, 2026 жылы республикалық бюджеттің кірістері 19,2 трлн теңгені, ал шығыстары 27,7 трлн теңгені құрайды. Жоспарлы кезеңдегі өсім ескерілгенде, бұл көрсеткіштер бюджетке Ұлттық қордан нысаналы трансферт түрінде қосымша қаражат тартусыз әрекет етуге мүмкіндік береді.
– Кірістер мен шығыстардың осындай көлемдері кезінде бюджет нысаналы трансферт түрінде Ұлттық қордан қосымша қаражат тартудың қажеттілігінсіз өзін-өзі қамтамасыз етеді, – деді Жұманғарин.
Бұған дейін 2026 жылға арналған ЖІӨ-нің нақты өсуі болжанған болатын. Сондай-ақ өңірлерді дамытуға бағытталған үш жылдық бюджет жобасы да таныстырылған еді.





