
Алматыда негізгі көлік құралы ретінде метрополитенді қолданатын жолаушылар саны артып келеді. Мысалы, қыркүйек және қазан айында метроның жолаушылар саны бойынша рекорд екі рет жаңарды.
Әсіресе, таңғы және кешкі уақытта жолаушылар ағыны тым көп болуынан метро бекеттерінің кіреберісінде адамдар тобы жиналып, кептеліс қалыптасатын болған.
Метрополитен әкімшілігі жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында қажетті шараларды қабылдап жатқанын хабарлады. Мекеме мәліметінше, 2024 жылдың маусым айында метрополитенде бет пішіні арқылы төлем жасау жүйесі – FacePay жобасы іске қосылды. Ал 2026 жылдың бірінші тоқсанында барлық станцияларда турникеттерді жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.
– Бұл жұмыстар аясында турникеттер банк карталары, Apple Pay, Google Pay және Samsung Pay арқылы төлем қабылдай алатын жанаспайтын төлем жүйесімен жабдықталады. Модернизацияның негізгі мақсаты – турникеттердің барлық төлем түрлерін қабылдауын қамтамасыз ету, – деп хабарлады мекеме.