Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Сарапшы: Ауыл шаруашылығын қолдау саясаты тығырықта

Сарапшы: Ауыл шаруашылығын қолдау саясаты тығырықта

Статистика комитеті 2017 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы өткен жылмен салыстырғанда 5,6 пайызға қымбаттағанын хабарлады. Ауыл шаруашылығы кәсіпкерлері тауар құны алып-сататындардың көп болуынан артатынын, алайда өздерінің табыстары өспегенін айтады.

Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығына берілген субсидиялар көлемі үш есе артып, секторға бағытталған инвестиция көлемі 50 пайызға көбейген. Бұған дейін сенат депутаты Дариға Назарбаева ауыл шаруашылығына субсидиялар бөлініп, жеңілдік жасалғанымен отандық азық-түлік бағасының қымбаттап жатқанын алға тартып, Ұлттық экономика министріне қымбатшылықпен күресу керек екенін айтқан. Алматы облыстық жергілікті қауымдастықтар қорының атқарушы директоры Бақытгүл Елшібаева дүкен сөрелеріндегі қымбат тауарлардан шаруаға ешқандай пайда түспейтінін жеткізді.

- Ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы шаруа мен соңғы сатушы арасындағы көрінбейтін «кәсіпкерлердің» әсерінен өсіп жатыр. Мысалы, шаруа қызанақты ұзақ уақыт бойы баптай күтіп, сауда маусымында алып-сатарларға келісін 13 теңгеден өткізеді. Ол дүкен сөрелеріне жеткенше 300-400 теңге болады. Фермер одан ешқандай пайда таппайды, есесіне баға қанша есе қымбат болады, - дейді ол.

Бақытгүл Елшібаеваның айтуынша, кішкентай шаруа қожалықтары жалпы компаниялардың 70-80 пайызын құрап отырғанымен, көмек көбіне ірі компанияларға беріледі. Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасы агроөнеркәсіп бөлімінің бастығы Дәурен Оңалбаевтың пікірінше, шағын шаруа қожалықтардың өз өнімдерін сақтайтын қоймасы жоқ, сондықтан тікелей сатушымен жұмыс істеуге қабілетсіз олар алып-сатарлармен байланысуға мәжбүр.

- Дайын өнім беретін шағын қожалықтар кәсібін дамыту үшін банктерден несие алайын десе, олардың кепіл ретінде қоятын жылжымайтын мүлектерін қаржы институттары қабылдамайды, - дейді ол.

Мемлекеттік қолдау көрсетіліп жатқанымен, ауыл шаруашылығының ел экономикасындағы үлесі 5 пайыз ғана екенін айтып, бұған жемқорлықтың қаншалықты кері әсер етіп отырғаны жайлы сауалымызға Ұлттық палата өкілі «жемқорлық көбіне мемлекеттік субсидиялар берілетін жерде тіркеледі» деп жауап берді.

Finprom сараптама агенттігі 2016 жылы елдегі ауыл шаруашылығына келген инвестиция көлемі 50 пайызға артқанымен, аталған саланың жалпы инвестиция көлеміндегі үлесі 3,3 пайыз ғана құрап отырғанын хабарлаған еді. Одан бөлек Еуропа даму банкі  өткен жылы ауыл шаруашылығындағы төлеу мерзімі өткен қарыздар үлесі 4,9 пайыздан 12,7 пайызға артқанын мәлімдеген. 2017 жылдың алғашқы екі айында бұл көрсеткіш 14,3 пайызға жетті. Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, пайданы тез табуды көздейтін инвесторлар ауыл шаруашылығынан «алыс жүреді».

- Бұл сала бірден пайда әкеле қоятын сектор емес. Табысқа кенелу үшін 5-6 жыл күтуге тура келеді. Тіпті кейде құйған қаржы қайтпауы да мүмкін. Осындай қауіпті ескерген инвесторлар тәуекелге бармай, басқа салаларға құяды, - дейді экономист.

Ол соңғы жылдары мемлекет қолдауын алу да қиындап кеткенін, соның әсерінен шаруа қожалықтары дамымай отырғанын айтады.

- Ауыл шаруашылығы өкілдеріне мемлекеттен қаржылық көмек алу үшін қойылатын талаптар күрделі. Мысалы, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорынан қаржы алу үшін кепілдікке қоятын үйің қаладан 50-60 шақырымнан аспау керек. «ҚазАгро» да тек ірі, әбден орныққан кәсіпкерлерге ғана көмектеседі. Шағын қожалықтар тағы да назарсыз қалып кетеді, — дейді ол. 

Алматыдағы Қоғамдық саясатты зерттеу орталығының директоры Меруерт Махмұтова «ауыл кәсіпкерлеріне қолдау көрсетілмей, ауылдар дамымайды» дейді. Сарапшының пайымдауынша, ауыл шаруашылығына да, аталған секторда жұмыс істейтін кәсіпкерлерге де көңіл жеткілікті бөлініп жатқан жоқ.

- 1990 жылдары елдің ЖІӨ-де ауыл-шаруашылығының үлесi 34 пайызды құрайтын, қазір 4,2-4,5 пайыз аралығында ғана. Бұл — ауыл шаруашылығына көңіл бөлінбейді деген сөз. Халықтың 43 пайызы ауылда тұрады, сонда елдің жартысы ЖІӨ-ге 5 пайызға жетпейтін пайда әкеліп отырғаны ма? Ол ауылда жұмыс жоқтығынан. Ал бізде, статистика бойынша, жұмыссыз ауылдың халқы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына жатады, сондықтан ауылда жұмыссыздық деңгейi қалаға қарағанда төмен болып саналады, — дейді экономист.

Естеріңізде болса, президент Назарбаев қаңтарда жариялаған жолдауында бұдан былай Қазақстан азаматтары өз бизнесін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие алуға мүмкіндігі болатындай жағдай жасауды тапсырған еді. Тимур Сүлейменов 2016 жылы ел экономикасы 1 пайызға өскенін, оның ішінде ауыл шаруашылығы 5,5 пайызға артқанын мәлімдеген.

Похожие материалы