Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Қазақстан банктері қайтарылмайтын депозит ұсынуды жоспарлап отыр

Қазақстан банктері қайтарылмайтын депозит ұсынуды жоспарлап отыр

Алматы. 3 сәуір. 7kun.kz - Халықтың жинаған қаражаты нарық қатысушыларына тұрақты әрі болжамды болуы үшін Қазақстанның Ұлттық банкі мен коммерциялық банктер ақшаны толығымен қайтарып алуға болмайтын депозиттерді ұсынуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды "Казахстанская правда" газеті.

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің ақпаратына сай, ақпан айының басындағы жағдай бойынша банк жүйесінің жалпы пассивіне тұтынушылардың салған салымының үлесі 70,5 пайызды құраған. Өз кезегінде осы қаражаттың жартысы (48,6 пайыз) жеке тұлғалардың депозиттеріне тиесілі. Банкирлер бұған дейін де қор жинау базасы жеткілікті деңгейде бекем емес екенін мәселе ретінде көтерген болатын. Яғни, банктер сүйенген қаражатты салымшылар кез келген уақытта қайтарып ала алады. Белгілі бір банктің қаржылық ахуалына қатысты дау туып кеткен жағдайда, мәселен, салымның «жылыстауы» тіпті іргесі бекем қаржы институттарын да шайқалтып жіберуі мүмкін. Депозиттер жедел салым болып табылатындықтан, іс жүзінде олар қажеттілікке дейінгі салым қағидаты бойынша жұмыс атқарады. Клиент өз шотында тек төмендетілмейтін қалдықты қалдырып отыруы тиіс.

Ұлттық банк банкирлер көтерген мәселеге құлақ түріп, 2017 жылдың өзінде келісімнің мерзімі аяқталғанға дейін салымшы қайтарып ала алмайтын депозиттерді айналымға енгізу жайын жариялаған еді. Қаржыны реттеп отыратын басшылықтың пікіріне сүйенсек, аталған құралдардың болуы қор жинаудың бекем базасын құруға мүмкіндік беріп, банк өтімділігінің қаупін сейілтеді, ұзақ мерзімге несие беруге жол ашады.

Депозиттің жаңа түрі тұрғындар үшін дәстүрлі салымның орнына емес, оған балама ретінде ашылады. Сонымен қатар, қайтарып алынбайтын депозиттер бойынша мемлекеттік кепілдендіру мөлшері қолданыстағы депозиттерден гөрі жоғары болады деп күтіледі.

Еске сала кетсек, қазіргі кезде әр банктің бір салымшысына есептегенде барлық депозиттер мен банк шоттары бойынша мемлекеттік кепілдендірудің мөлшері ұлттық валютамен 10 млн теңгеге дейін, ал шетелдік валютамен 5 млн теңгеге дейінгі соманы құрайды.

Болжамға сәйкес, қайтарып алынбайтын депозиттер валюта нарығындағы тұрақтылықтың артуын көздейді. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, дайындалып жатқан девальвация туралы алып-сатарлық айырбастау курсына айтарлықтай қысым көрсетуі мүмкін. Себебі, салымшылар желдей ескен сөзге бола депозитте жатқан ақшасын шетелдік валютаға айырбастауды бастайды. Мәселен, 2017 жылдың жазы мен күзінде осындай мазмұндағы ахуалға Ұлттық банктің араласуына, өзінің интервенциясы арқылы курстың ауытқуының алдын алуға тура келген.

Басылымның хабарлауынша, коммерциялық банктердің бір өкілі мен Ұлттық банк арнайы жұмыс тобы аясында өзге банктермен бірге дайындалып жатқан заңнамалық өзгерістерді бірлесе талқылап жатыр. Осы сұрақ жуық арада Парламент депутаттарының қарауына ұсынылатын болады.

Похожие материалы