Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Мемлекет басшысы қазақстандықтарға тұрғын үйді қалай алуға болатынын айтты

Мемлекет басшысы қазақстандықтарға тұрғын үйді қалай алуға болатынын айтты

Алматы. 1 маусым. 7kun.kz - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «7-20-25» бағдарламасының мүмкіндіктері туралы әңгімелеп, Қазақстан тұрғындарына өз тұрғын үйлерін сатып алу туралы кеңес берді.

«Біз пәтерлерді баспанасы жоқ жастар алғанын қалаймыз. Бұл бағдарламаны пәтерсіз жүргендерге арналып отыр. Сондықтан да осы бағыттағы жұмыстар кімге және не үшін жасалып жатқанын барша қоғамға түсіндіру қажет. Тиісті есептеулер жасалды, отбасының екі мүшесі жұмыс істеген кезде ешқандай проблема жоқ. Ипотекалық несие 7 пайыздан аспайды», - деді Елбасы "7-20-25" бағдарламасы жайында айта келе.

Мемлекет басшысы осыған дейін тұрғын үй бағдарламалары бойынша бастапқы жарнаны баспана құнынан 50 пайыз көлемінде талап еткенін, ал қазір тек 20 пайыз екенін атап өтті. Сонымен қатар, бұрындары несиені беру мерзімі ең көп дегенде 10 жыл құраса, бүгінде 25 жылға созылып отыр.

«Барлық партия мүшелері, әкімдер бағдарлама аясында тиісті шараларды бақылауға алып, қажетті жұмыстарды лайықты деңгейде іске асыруы тиіс. Яғни, баспана кімге қажет болса, сол алуы тиіс. Сәйкесінше, адамдар осы үдеріске қосылып, жұмыстарын бастауы керек», - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы тұрғын үй бағдарламасын іске асыру құрылыс саласындағы қарқынды арттыратынын, осы салада бизнес даму мүмкіндігіне ие болатынын жеткізді.

«Американы Форд мырза бастаған автомобиль өнеркәсібі көтерсе, бізді тұрғын үй құрылысы мен ауыл шаруашылығы көтеретінін мен үнемі айтып келемін», - деп ескертті Мемлекет басшысы.

Похожие материалы