Ақтаудағы планшет пен теледидар құрастыратын зауыт саудаға шығарылады
Планшетті компьютерлер, теледидарлар және мониторлар құрастыратын Caspiy Еlectronics зауыты ашық саудаға шығарылмақ. Бұл туралы "Каспий" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының (ӘКК) басқарма басшысы Ибрагим Тагашев мәлімдеді.
"Бүгінде ӘКК активінде планшетті компьютерлер өндіретін зауыттың ғимараты, құрылғылар және несие бар. Біз енді планшеттер өндірмейміз, құрылғылар да іске асырылмайды. Бірақ ғимарат коммуникация тартылған еркін экономикалық аймақта орналасқан. Қазір бірнеше мұнай сервисті компаниялар ол жерге тапсырыс орындауға дайын тұр. Ал несиелік қарызы 80 млн теңгені құрайды. Бізге несиелік қарызды жабу үшін активті сату қажет", - деді И.Тагишев брифинг кезінде.
Оның сөзінше, активтер ашық саудаға бір айдан кейін шығарылмақ. Мекеме басшылығы сатудан 200 млн теңге пайда тауып, 80 млн-ды несиені жабуға, 120 млн теңге ӘКК-ға мемлекеттік қаржы ретінде қайтарылмақ.
Айта кетейік, осыған дейін қазақстандық "Аққу" бренді арқылы планшетті компьютерлер, теледидар және мониторлар құрастыратын Caspiy Еlectronics зауыты 2011 жылы пайдалануға берілген еді. Жыл сайын компания 68 мың планшетті компьютерлер, 40 мың теледидар және 43,5 мың мониторлар өндіру қажет болған. Планшетті компьютерлер Android операциялық жүйесінде жұмыс істеп, Қазақстанда құрастырылған ақпараттарды берудің жаңаша технологияларды қолдауы қажет. Планшеттің бағасы 500 доллардан аспауы тиіс.
Кейінірек, қаржы полицейлері зауыт үшін сатып алынған құрылғылардың көрсетілгендей 600 млн емес 20 млн теңге тұратындығын анықтады. Сондай-ақ зауытта бірде-бір планшеттің құрастырылмағандығын, зауыттың сырттан дайын өнімді сатып алып, "Қазақстанда жасалған" таңбасымен қайта сатып отырғаны белгілі болды. Сот Caspiy Еlectronics директорын алаяқтық бабы бойынша кінәлі деп тауып, 6 жылға бас бостандығынан айырды.