АҚШ Біріккен Ұлттар Ұйымына шамамен 4 млрд доллар қарыз екенін растады. NBC News мәліметінше, БҰҰ Вашингтоннан қарыздың қандай бөлігі және қашан өтелетіні жөнінде ресми жауап күтіп отыр.
Қазір АҚШ ұйымның тұрақты операциялық бюджеті бойынша 2,19 млрд доллар, ал бітімгершілік миссияларына арналған бюджеттен 1,8 млрд доллар берешек. Биылдың өзінде 767 млн доллар төленбей қалған.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш егер мүше мемлекеттер жарналарын уақытылы төлемесе, ұйым шілде айына қарай қаржылық қиындыққа тап болуы мүмкін екенін ескертті.
АҚШ-тың БҰҰ жанындағы өкілдігі Трамп әкімшілігі қарыздың едәуір бөлігін алдағы апталарда өтеуді жоспарлап отырғанын хабарлады, алайда нақты сома айтылмады.
Қарыздың ұлғаюы БҰҰ-ның тұрақты жұмысы мен халықаралық операцияларына тікелей әсер етуі мүмкін.





