Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Алматының жерасты жолында 7,7 млрд теңге жымқырылды

Алматының жерасты жолында 7,7 млрд теңге жымқырылды
Алматы. 27 қаңтар. 7kun.kz — Жетісу көлік прокуратурасының мәліметтері бойынша, өткен жылы «Алматыметроқұрылыс» АҚ-ны тексеру барысында үлкен көлемде ақша ұрланғаны жайлы белгілі болды. Бұл жайындағы материалдар тергеу органдарына жіберілді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Хабарламада «Алматыметроқұрылыс» АҚ-ын тексеру барысында сатып алынған тауарлардың бағасын қымбаттатып көрсету арқылы 7,7 млрд теңге көлемінде ақша жымқырылғаны белгілі болды. Аталған фактілер бойынша мемлекеттік кірістер департаменті сотқа дейінгі тексеру жүргізіп жатыр», - делінген.

Sputnik Қазақстан Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеулер қызметіне арнайы сауал жолдап, тергеу амалдары жалғасып жатыр деген жауап алған.

«Қазіргі таңда Жетісу көлік прокуратурасы тексерістерінің нәтижесінде «Алматыметроқұрылыс» АҚ-ға қатысты мемлекеттік кірістер департаментінде сотқа дейінгі тергеу материалы тіркелді. Бұл қылмыстық іс бойынша бірнеше сараптамалар жүргізілді», - деп хабарлайды департамент ресми жауабында.

Бірақ аталған тауарлардың қандай және қай көлемде екені туралы, сонымен қатар, «Алматыметроқұрылыс» қызметкерлерінен кімдердің бұл іске қатысы бары жайлы редакция ешқандай ақпарат ала алмады. Бұл тергеудің жерасты жолының экс-директоры Мұрат Өкшебаевтың даулы ісіне қатысы бар-жоғы да анықталмады.

«Алматыметроқұрылыс» АҚ және «Метрополитен» КМК экс-жетекшісі Мұрат Өкшебаев 2015 жылдың соңында 9 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Ол бөтеннің мүлкін иемдену және пайдалану, сонымен қатар, үлкен көлемде қылмыстық жолмен тапқан қаражатын заңдастырғаны үшін сотталған.

Мұрат Өкшебаев алғаш рет 2009 жылы тергеу органдарының назарына іліккен. Жерасты жолының экс-басшысы 120 млн теңгені жымқырды деп айыпталып, қамауға да алынған еді. Бірақ іс сотқа дейін жеткен жоқ.

 

Похожие материалы