Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Қарағанды облысындағы жолдарды қалпына келтіру үшін 8 млн теңге жұмсалды

Қарағанды облысындағы жолдарды қалпына келтіру үшін 8 млн теңге жұмсалды

Қарағандыдағы су тасқынынан зардап шеккен әуежайға дейінгі автожолды жөндеуге 8 млн теңге жұмсалды. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Арман Жұмекенов мәлімдеді деп хабарлайды ҚазТАГ.

"Әуежайға дейін баратын жолда 120 метрді су шайып кеткен. Барлығын толығымен қайта жөндеуге тура келді. 150 тонна асфальт, 120 тонна ірі және қиыршық тас жұмсалды. Жөндеу жұмыстарына 8 млн теңге бөлінген", - деді ол журналистерге берген сұхбатында.

Оның атап өтуінше, қаржы бюджеттік емес. "Қарағанды аумағында төтенше жағдай жарияланған жоқ, сондықтан резерв қорынан қаржы пайдалану мүмкін емес. Біз жол ұйымдарын жұмылдырдық. Жолды қалпына келтіру- бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі", - деп атап өтті әкім орынбасары.

А.Жұмекеновтың сөзінше, қалпына келтіру жұмыстары 8 күн ішінде жүргізілген. "Қазір жол ашылды. Енді қалалық әуежайға айналма емес, тікелей баруға болады. Су толығымен қайтқан соң, жол жиегі бекітіліп, белгілер орнатылады", - деді ол.

Ал Қарағандыдағы су шайып кеткен саяжайлардың иелері биліктің көмегіне ие бола алмайды. "Заң бойынша, қандай-да бір қаржы төлену үшін төтенше жағдай енгізу қажет, ол хабарланған жоқ. Тіпті жарияланған уақытта да уақытша құрылыстар, саяжайларды қалпына келтіру үшін қаржы төленбейді. Тек тұрғын үйлер ғана", - деді А.Жұмекенов.

Еске салайық, 10-11 сәуірде Соқыр өзені арнасынан тасып, "Сарыарқа" әуежайына баратын жолды басып қалды. Облыстық жолаушылар траспорты мен автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, су тасқыны жергілікті 100 жол аумағына зақым келтірген.

" 18 сәуірдегі қорытынды бойынша, жергілікті маңызға ие 101 жол аумағы мен 84 су құбыры және 12 көпірді су шайған. Су тасқынына байланысты облыстағы 9 автомобиль жолындағы қозғалысқа шектеу салынды", -делінген хабарламада. Қазір жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы Қарағанды облысындағы аймақтық маңызы бар автомобиль жолының ұзындығы 9343 шақырымды құрайды.

 

Похожие материалы