Познавательный
Ұ.Қарабалин бензин бағасының көтерілу себебін атады
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттардың сауалына орай ҚР Энергетика вице-министрі Ұзақбай Қарабалин бензин бағасының көтерілу себебін түсіндірді.
«Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында ресейлік жанармайды тиімді тасымалдаудың нәтижесінде отандық мұнай өңдеу зауыттары жұмысының іркілуі байқалды. Бұл өндірістің қысқаруына әкелді. Мәселен, АИ 92 бензині бізде 400 мың тоннадан астам, дизель отыны 1 млн. тоннадан астам көлемде жинақталып қалды. Осыған орай министрлік бесінші наурыз бен жиырмасыншы сәуір аралығында Ресейден бензин мен дизель отынын тасымалдауға уақытша шектеу енгізді», - деді ол.
Оның атап өтуінше, осыдан кейін ахуал тұрақталып, ресейлік жанармай тасымалдауды шектеу бойынша қабылданған шаралар отандық зауыттардың қайта жұмыс істеуіне, мұнай өңдеу көлемінің төмендеуіне жол бермеуге жол ашқан.
Қазіргі уақытта Ресейден бензин тасымалдауға шектеу алынды. Ал дизель отынына қойылған шектеу 20 маусымға дейін жалғасады.
«Өздеріңізде білесіздер, өткен жылы, өткен қыста жанармайдың әлеуметтік түрлерінің бағасы үш мәрте төмендетілген болатын. Одан кейін ортақ еуразиялық нарықта шекараның ашық болуы елден жанармайдың сыртқа ағылуына жол бермеу үшін шаралар қабылдауды қажет етті», -деді Ұ.Қарабалин.
Оның атап өтуінше, мұнай бағасына байланысты жеке бөлшек сауда бағасын есептеудің қолданыстағы ережесіне сәйкес бензин құны 108 теңге көлемінде белгіленіп отыр.
«Осылайша, мұнай өңдеу зауыттары жұмысының тұрақтылығы қамтамасыз етілді. Арзан қазақстандық жанармайдың көршілес елдерге ағылуына жол берілмеді», - деді ол.
Ақпарат көзі: kazinform