"Арселор-Миттал Теміртау" кен апатынан құтқарушылармен келісім-шартқа отырды
"Арселор-Миттал Теміртау" АҚ кен апатынан құтқарушылармен 995 млн теңгеге келісім-шартқа отырды. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлайды.
Компания 2015 жылға кен орнында құтқару жұмыстарын жүргізу, қауіпсіздікті қамтамсыз ету жөнінде әскерилендірген "Көмір" апатты-құтқару қызметімен серіктестік орнатқан. "Көмір" ӘАҚҚ көмір өндірісі кәсіпорындарындағы апат кезінде адамдарды құтқарумен, оларға бірінші медициналық көмек көрсетумен, жарылыстар мен апаттардың салдарын жоюмен және төтенше жағдай кезіндегі басқа да арнайы жұмыстармен айналысады.
Екі жақтың өзара келісімге келуіне Қарағанды облысының әкімдігі себеп болды. Айта кетейік, осыған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында "Көмір" ӘАҚҚ және "Арселор-Миттал Теміртау" АҚ арасында қаржылық мәселелерге байланысты қарама-қайшылық орнағандығы хабарланған еді.
"Кен өндрісінің қауіпсіздігі мәселесінің маңыздылығын ескере отырып Қарағанды облысының әкімдігі екі жақты диалогқа шақырды. Осы арқылы арадағы қарым-қатынас заңды жолға қойылды", - деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен.