Астанада денсаулық сақтау саласы бойынша 11 жаңа медициналық нысанның құрылысы жоспарланған.
Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Әкімнің айтуынша, соңғы 10 жылда елордада босану көрсеткіші 35%-ға артқан, соған байланысты екі 250 орындық перинаталдық орталық салу көзделіп отыр. Алғашқысы «Самұрық-Қазына» қорының қаражатына салынып, 2027 жылы, екіншісі 2028 жылы пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар, жақын уақытта №2 қалалық көпбейінді аурухана жанындағы қабылдау-диагностикалық кешеннің құрылысы аяқталады. Сарыарқа ауданында №3 көпбейінді қалалық аурухананың жобалау жұмыстары жалғасуда.
Балаларға арналған жедел медициналық көмекті күшейту мақсатында 2026 жылдың 15 ақпанына дейін Нұра және Есіл аудандары үшін жаңа травматологиялық пункт ашылады.
Жалпы жаңа нысандар қатарында республикалық орталықтар, көпбейінді ауруханалар, емханалар және жедел жәрдем станциялары бар.





