Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

«Қазақстанның ашық университеті» алғашқы курстарын бастады

«Қазақстанның ашық университеті» алғашқы курстарын бастады

Алматы. 28 наурыз. 7kun.kz - «Кселл» компаниясы мен «WikiBilim» қоғамдық қоры «Қазақстанның ашық университеті» білім беру платформасындағы алғашқы тегін онлайн-курстарын бастады.

Жоба ҚБТУ, AlmaU, SDU, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, Математика және математикалық модельдеу институты сияқты жоғары оқу орындарының қолдауымен жүзеге асты.

«WikiBilim» қоғамдық қорының президенті Нұрбек Матжанидің айтуынша, OpenU білім беру платформасы арқылы қазақстандықтар жобаға серіктес университеттердің үздік профессорларынан дәріс алады. Ашық университеттің алғашқы онлайн-курсының авторы – физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Асқар Жұмаділдаев.

«Жоғары жылдамдықты ғаламторға қолжетімділіктің артуы көптеген салаларды өзгертіп, тиімділікті арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Мысалы, жоғары білім беру саласында бұқаралық ашық онлайн-курстарға (MOOC) негізделген онлайн оқыту технологиялары дамып жатыр. Дүниежүзінде миллиондаған тыңдарман осындай курстарға қол жеткізе отырып, білім алады, біліктілігін арттырады немесе жаңа мамандықты меңгереді. OpenU жобасының міндеті – тыңдаушыларға қазақстандық жетекші профессорлардың үздік дәрістеріне қатыса алуын қамтамасыз ету. «Қазақстанның ашық университеті» диплом бермейді, ол университеттерге өз қызметтерінің сапасын арттыруға, ал оқушыларға сапалы білім алуға көмектеседі», - деп атап өтті «WikiBilim» қорының негізін қалаушы Рауан Кенжеханұлы.

Қазіргі уақытта матрицалар және анықтауыштар, Web-бағдарламалау, және робототехника сынды алғашқы 10 онлайн-курс әзірленді.

Бір курстың орташа ұзақтығы – 5 апта. Бірегей білім беру контентінің 80%-ы қазақ тілінде. Бұған қоса, порталда онлайн-курс авторлары ұсынатын арнайы әдебиеттер орналастырылады.

OpenU.kz платформасы Гарвард университеті мен Массачусетс технология институты мамандары жасаған Open edX негізінде құрылған. Сайтта интуитивті интерфейс, ыңғайлы видеоплеер, курс тыңдаушыларының жеке кабинеті, тест тапсырмалары мен конспектілер бар.

Похожие материалы