Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Бәрін бастаған Кремль: мұнай бағасы неге құлдырады?

Бәрін бастаған Кремль: мұнай бағасы неге құлдырады?

9 наурыздың таңын Қазақстан, Ресей сынды бірқатар елдер төл валюталарының құны түсіп, доллар бағасының өсуімен қарсы алды. Сарапшылар мұның себебін ОПЕК+ елдері мен Ресей арасында мұнай өндірісінің көлеміне қатысты келіспеушіліктерден туындады дейді. 

Жұма, 7 наурыз күні кешке мұнай нарығының ойыншылары Венада өтіп жатқан ОПЕК елдерінің отырысынан жаңалық күткен.
Мұнай бағасы осы отырыстың алдында барреліне $55 дейін жоғарылады. Көпшілік осы бағам сақталады, тіпті аздап көтеріледі деп күткен. Алайда 2016 жылдан бері мұнай өндірісінің көлемі мен бағасының реттелуіне ықпал етіп келе жатқан ОПЕК+ отырысына қатысушылар [Сауд Арабиясы бастаған ОПЕК елдері мен Ресей сынды ұйымға мүше емес, мұнай экспортшылары кіреді] ортақ келісімге келе алмағаны белгілі болды. Жиын аяқталасымен мұнай бағасы бірден 10% түсті.

Жиында не айтылды?

Ең басты ұсынысты Сауд Арабиясы жасап, мұнай өндірісінің көлемін тәулігіне тағы да 1,5 млн баррелге дейін азайтуды ұсынған. Арабтар короновирустың салдарынан мұнайға сұраныс азаятынын есепке алып, төмендету керек шешімге келген. Алайда 500 мың баррелі немесе төмендеуі тиіс көлемнің үштен бірі Ресейге тиеселі болса да,
Ресейдің Энергетика министрі Александр Новак бастаған кеңеске қатысушылар қарсы шыққан. Тіпті қазіргі тәулігіне 1,7 млн баррелге дейін азайған көлемді сақтап қалуды қолдамаған. Нәтижесінде ОПЕК+ елдерінің жиыны ешқандай келісімсіз аяқталды, енді 1 сәуірден бастап мұнай өндірісінің көлемін өздері белгілейтін болды.

Ресей неге мұндай қадамға барды?

The Bell-дің жазуынша Кремльдің мұндай шешімге қабылдауына "Роснефть" басшысы Игорь Сечиннің ықпалы зор болған.

1 наурызда Владимир Путин Псковқа сапары алдында "Внуково-2" әуежайында үкімет мүшелері мен мұнай компанияларының басшыларымен кездесіп, Венада өтетін ОПЕК + отырысын талқылайды. Жиындағының барлығы қазіргі көлемді сақтап қалуды ұсынады, оған жалғыз Сечин қарсы шығады. Ал өндіріс көлемін 1,5 млн баррелге азайту тіпті талқыланбаған. Сечиннің пікірінше ОПЕК пен Ресейдің келісімі стратегиялық тұрғыда қауіпті, одан тек АҚШ қана ұтады. Ол бұл туралы бір жыл бұрын Путинге де хат жазған.

Сечин бұл жолы да осы мәселені көтереді. «Біз оларға көрсетеміз. Олар қазіргі бағамда өздерінің тақтатасты мұнайын өндіріп, сатуға белсенді түрде күш салуда, алайда бағам $40 түссе өндіру мүмкін болмайды, ал «Роснефть» бағаның мұндай деңгейде құлдырауын көтере алады», деген сенім білдіреді. Бұдан кейін Кремль
«Ресей мұнай өндірісін азайтып келген уақытта, АҚШ миллиондаған баррель мұнай өндіріп, рахатқа батып отыр, енді АҚШ-қысатын уақыт келді», деген шешімге келеді.

Мұндай шешімге «Газпромның» «Северный поток-2» жобасына АҚШ-тың санкция салуы да әсер етеді. Бұл үшін де Ресей АҚШ-ты жазалауды ойластырған.

Нәтижесінде Ресейдің Энергетика министрі Александр Новак Венаға "Ресей мұнай өндірісін енді азайтпайды" деген шешіммен аттанады. Ал Венадағы бес сағаттық келіссөз қатысушылар күткендегіден басқаша өрбиді.

"Ресейдің ұстанымына ОПЕК елдері шок болды. Отырысқа қатысушылар сөз таппады, қаралы жиында отырғандай болды", деп жазады Bloomberg.

Ары қарай не болады?

Енді Сауд Арабиясы Ресейді жазалауды ойластырған сыңайлы. Бүгін мұнай көлемін көбейтіп, бағаны азайтатынын, осылайша "Баға соғысы" басталатынын байқатты.

Венадағы отырыстан кейін үкімет Saudi Aramco компаниясына шикі мұнай бағасын барреліне $6–8 төмендетуді тапсырды. Енді Еуропалық МӨЗ саудиялық Arab Light маркасын Brent-ке қарағанда $10,25 арзан алады. Ал ресейлік Urals сортты мұнай Brent-тен $2 арзан. Арабтар мұндай жеңілдікті соңғы 20 жылда жасамаған.

Bloomberg пен FT жазуынша арабардың келесі қадамы - 1 сәуірден кейін мұнай өндірісін тәулігіне 12 млн баррелге дейін көбейтуі мүмкін. Мұндай қадамдарға баруына себеп Ресей мен басқа елдерді келіссіөз үстеліне қайта отырғызу болуы мүмкін. ОПЕК+елдерінің техникалық комитетінің келесі отырысы 18 наурызда өтеді.

Сарапшылардың жазуынша Сауд Арабиясы баға соғысына сирек араласады. Ал араласса жағдай қиындауы мүмкін. Мәселен: 1998 жылы барреліне $9,55 дейін төмендеп кеткен. Тіпті СССР-дің де құлауына Сауд Арабиясының мұнайға баға саясаты әсер еткені белгілі. Венадағы жиыннан соң мұнай бағасы құлдырады. Рубль құнсызданды. Алдағы уақытта құлдырау жалғасуы мүмкін. Алайда бұл жолы Ресей оған дайынбыз деп отыр.

Қазір Ресей бюджеті мұнай барреліне $42-ға есептелген.
Мұнай бағасы $42,6 жоғары болған жағдайда мұнайгаз экспортынан түскен кірістің валютаға ауыстырылып, Ұлттық әл-ауқат қорына салынып келген. Ресей енді мұнай барреліне $42 дейін түссе тек осы ҰӘҚ салынатын қаражаттан ғана қағыламыз, егер одан төмендесе Ұлттық қордан бюджетті 6-10 айға дейін қолдауға мүмкіндігіміз бар деп отыр.

Bloomberg-тің жазуынша Сауд Арабиясының жағдайы қиындау.
Ресеймен салыстырғанда олардың бюджеті барреліне $83-ға есептелген. Сондықтан мұнай бағасы түспеуіне мүдделі. Алайда ұзақ мерізімге созылған жағдайда өзі бастаған "соғысқа" Ресей шыдай ма? Қазірдің өзінде рубль құлдырап, мемлекет қосымша шаралар қабылдауға мәжбүр болды. Лондонның қор биржасында бағасы ең көп құлдыраған ресейлік мұнайгаз компаниялары болды.
Бүгін Мәскеу уақытымен 12:30 «Роснефть» акциясы 20%, «Газпром» — 13%, «Лукойл» — 17,3% құлдырады.

Ал осы келісімді бұзу арқылы Ресей соққы бергісі келген АҚШ-тың қатпарлы мұнай өндірісі сарапшылардың айтуынша өмір сүруге қабілетті. Өйткені кемінде бір жылға сақтандырылған. Баға тіпті төмен құлдыраса уақытша тоқтап, кейін қайта бастап кетуге қабілетті. Сондықтан сарапшылар Ресейдің дегені бола қоя ма екен деп отыр. Сонымен қатар Ресейде қосымша "Б" жоспары да болуы мүмкіндігін жоққа шығармайды.

Жағдайдың қалай өрбитініні туралы болжам көп. Бір анығы жақын уақытта мұнай бағасы тағы түседі. Бюджеті мұнайға байланған дамушы мемлекеттердің экономикасында өзгерістер болады. Мәселен, Қазақстанда кішігірім өзгерістер қазірдің өзінде басталып кетті. Президент Тоқаев шұғыл отырыс өткізіп, Үкімет пен Ұлттық банк жағдайды тұрақты сақтап тұруға барын салатынын айтып бірлескен мәлімдеме жасады. Ұлттық банк теңге бағамын сақтау үшін интервенция жасап, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 12%-ға көтерді. 

Похожие материалы