Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Cолоу парадоксы

Cолоу парадоксы
Давоста «Технологиялық революция қашан жеткілікті жұмыс орнын қамтасыз етеді» тақырып таразы басына қойылды Рана Форухар (Rana Foroohar), Time, Ақпан 1, 2016 Осыдан шамамен 30 жылдай бұрын  жұмыс күші экономикасын қаузай зерттеп жүрген белгілі экономист Роберт Солоу айтты дейтін әзіл-шыны аралас бір сөз бар: «Сіздер компьютердің дәуірлеп тұрғанын барлық жерден  байқауыңыз мүмкін, бірақ ол тек өнімділік статистикасында ғана». Бір кездері әшейін айтыла салған сөз көрінгенмен, бір қызығы Cолоудың  осынау сентиментальдық көзқарасы технологиялық прогресстің де  өнімділік тұрғысынан арта қалатынын әшкерелеген парадоксқа айналды. Парадокс болатыны сол,  технологияның өнімділікті арттыратыны, ал жоғары өнімділік өз кезегінде   экономикалық өсімге ықпал ететіндігі жақсы мәлім болса да, екеуі ылғи да үйлесімде іске аса бермейді екен. Солоудың аталмыш парадоксы  биыл Швейцарияның Давос қаласында әлемге танымал сақа саясаткерлер,  жоғары лауазымды басшылар,  банкирлер мен экономистердің басын қосатын дәстүрлі жыл жиналысы – Дүниежүзілік Экономикалық Форумның «топ-тақырыбы» болды. Қарап тұрсаңыз, технология  біздің тұрмысымыздың барлық аспектісіне араласуда. Aйталық,  қарапайым  пенденің қалай  ақша табуынан бастап мемлекеттердің қалай  соғысуына дейін соған  сүйенеді…. Бірақ  экономикалық өсім қайда? Технологиялық қарыштаудың жемісін көрудің орнына,  қазір ғалам биылдыққа болуы ықтимал тағы бір рецессияның қарсаңында тұр. Қытайдағы бәсең даму,  бір сызықтың бойынан не төмен не жоғары жылжи қоймаған Еуропа,  дамушы нарықтарды бас көтертпей жатқанмен қоймай, бақуатты елдерді  үйреншікті табысынан айырған мұнайдың төмен бағасы – осылардың барлығы жаһандағы онсыз да жабырқанқы күйге  үстеме соққы болды. Тіпті, әлімдік экономикадағы ең әлеуетті саналатын АҚШ-тың өзі бір кездердегі  амбициясының аптығын  басып, ішкі жалпы өнімді (IЖӨ)  2%-дан әлдеқайда кем болады деп жорамалдап жатыр. Алапат рецессиядан бері аттай сегіз жыл өтсе де, 2008 жылғы ғаламдық қаржылық дағдарыстың өтелек-төтелегінен қандай қиыншылықпен «құтылғанын»  әлі естен шығармаған америкалық саясаткерлер үшін бұл бұрынғыдан оңайға соқпайды. Өкінішке қарай, бұл «көңілсіз сцеанарий», Дүниежүзілік Экономикалық Форум қатысушыларының айтуынша,  «төртінші индустриалдық революцияның» нағыз қызған шағында келіп килігуде. Ол, өкініштісі,  жасанды интеллект,  компьютерлік алгоритм, роботты техника, нанотехнология, 3D-принтинг, генетика,  биотехнология сияқты заманымыздың жасампаз ғылыми бағыттарына да кесірін тигізбей қоймайды. Әрине,  бұрынғыдан да шапшаң жылдамдықпен дамып жатқан салалар бұл ғана емес, бірақ бұлардың тұрақты өркендеуіне кедергі келтірілер болса, жұмыс күші  нарығынан бастап ғаламдық экономиканың барлық саласы зардап шегеді. ДЭФ барысында шығарылған баяндамада болжалғандай, бұл трендтер басқа да әлеуметтік-экономикалық және демографиялық өзгерістердің салдарымен қосылып, 2020 жылға дейін 15 шақты экономикасы дамыған елдер мен   қарқынды даму үстіндегі елдерде шоғырланған 5 миллионнан астам зияткер  жұмыс күшінің арасындағы байланыстың  жоғалуына әкеліп соғуы әбден мүмкін. Ең үлкен сұрақ: бұл экономикалық парадокс алдынғы «ағайынындай»  уақыт өте келе өзінен-өзі жойылып кете ме, әлде, созылмалы сырқаттай ұзаққа кете ме? Егер 80-жылдарға назар салсақ, әлемдегі компаниялар,  әсіресе АҚШ-тағылар жаңа компьютерлер мен software-технологияларға аянбастан инвестиция құя бастады. Дербес компьютерлер (персональды компьютерлер) жер-жерде – кеңседе де, үйде де  пайда болғанның арқасында Microsoft сияқты компаниялар ырғын пайданың астында қалып, қарышты даму жолына түсті.  Сол сұрапыл сұраныстың жемісі экономиканы 90-жылдардың соңына дейін асырап келді.  Қазір де соған ұқсас үрдіс:  адамдардың қолына ұстап жүрген  смартфондарында, әсірелеп айтқанда, бірнеше дербес компьютердің әлеуеті бар.  Салыстырмалы түрде, бұрын  ең озық дейтін бағдарламалармен жабдықталатын компьютерлерге жүздеген доллар жұмсалса,  қазіргі қосымша  бағдарламалардың (App) құны шырқап шыққанда   2-3 «бакс» тұрады. Сонда да   өнімділік  өз деңгейінде емес. Түптеп келгенде өнімділік пен халық саны өсуінің қосындасынан тұратын экономикалық өсім әлемнің көп жерлерінде шабандап қалғандықтан, шалдықпалы дерттің ендігі шипасы  - «төртінші  индустриалдық революция» көрсететін «таңғажайып формулада»  секілді көрінеді әлем сарапшыларына. Алайда,  түйткіл сол революцияның жалғыз ғана   қозғаушы күші – қарапайым консюмеризм, яғни қатардағы тұтынушылық дағды ғана болып отыр. McKinzey Clobal Institute (MGI) жүргізген таяудағы зерттеулерге сүйенсек,  төртінші технологиялық жаңғыру АҚШ индустриясының тек 18%-ын қамтыған екен. Барлығы да Интернет қолданады, бірақ іс жүзінде цифрлы технологияларды өз бизнесінде тек медиа, қаржы қызметі, IT cияқты аз ғана топ толыққанды пайдаланады.  Алайда, аталмыш салалар технологиямен анағұрлым азырақ жарақталған білім беру, сауда-саттық және өнеркәсіп сияқты  соншама көп  жұмыс орнымен қамтамасыз ете алмайтыны анық. Сол секілді, цифрлы технологияларды қолдану жағынан қалыстау қалып жатқан мейрамхана-мейманхана бизнесі, денсаулық сақтау, тауарларды арзандатып сату сервистері қазіргі таңда жұмыс орнын жиі ұсынушылардың қатарында. Керісінше, цифрлы технологиялық базасы мығым индустриялар  төлемі жоғары жұмыс орындарын ұсынуға бейімдеу болып тұр. Бұл жалақы мөлшері мен экономикалық өсімді айтпағанның өзінде, өнімділік үшін аса бір жағымды формула емес. «Біз баршамыз жаңа технологияларды кеңінен қолданамыз, бірақ компаниялардың аз ғана шоғыры оның  көл-көсір пайдасын көріп отырғандай көрінеді. Біз оның өнімділік пен барлық салаға ауа жайылатын кесірін қазір  байқамай отырмыз» дейді MGI директоры Джеймс Манияка. Оның бір белгісі – табиғи түрде кешеуілдеу (немесе артта қалушылық). Мәселен, электр желісі экономиканың маңызды бір құрамдас бөлшегіне айналу үшін 50 жылға жуық уақыт кетті. Компьютердің мысалында онжылдыққа таяу уақыт алды. Ал келе жатқан «ілгерілеу», компаниялардың дәл қазір тек өздерінің индустрия ішілік межесінде ғана емес, сырттан да қысымды өткеріп жатқанын ескерсек, сәл-пәл жылдамырақ  болуы мүмкін. Төртінші индустриалдық революция компаниялардың тек сектор арасында ғана емес,  шекаралық белдеулерден  тыс дамуына түрткі болды.  Tesla  мен Google, мысалы, Ford пен General Motors-тың  ауқымды, ұзақ мерзімді жоспарлауына ықпал етуде.  Жаһанданудың арқасында  шағын  және орташа компаниялардың  да технологияларды қолдану тұрғысынан мүмкіндігі ашылып,  шетелдегі үлкен  салаластарымен салғыласуға немесе сабақтасуға қарекет жасап жатқанын байқаймыз. Мәселен, Батыс Африканың түкпірінің түбегінде пайда болған App-дайындаушы  шағын фирма өз өнімдерін  шалғайдағы Кремний алқабын  құшағына қысып жатқан Калифорнияға  оп-оңай сата алады. Алайда, баяғыда іргесі қаланған ірі индустриалдық компаниялар әлі де жұмыспен қамтудың сандық көрсеткішінен алда келеді.   Тағы бір себеп, қазір General Electric-тің Internet of Things немесе Industrial Internet-тің пайдаланылуына қалай қозғау салып жатқанын байқауға болады. Бірнеше жыл ғана бұрын, құрылғанына 124 жылдың мұғдарындай болған байырғы компания дүниежүзілік қырғи-қабақ соғыстан кейін қайта көтерілген АҚШ сияқты, дамушы нарықтар да орта-класс бумына  дүбір қосып өте шығады деген жарқын идея жетегінде, өздерін индустриялық инноватор ретінде түбірінен қайта бейімделетінін жариялады. General Electric  қазір  даму үстіндегі машина жасау, инфрақұрылым, коммуникация, конструкция және денсаулық сақтау саласы сияқты бірнеше бағытты қатар дамытуға ойысты. Әйтеуір, түптің түбінде ол талпыныстарынан бірдеңе шығатындай көрінеді.   Артта қалушылыққа қатысты ең түйткілді мәселе – жұмыс күшіне әсері.  Технология экономикалық желі бойынша жоғарылаған үстіне жоғарылған сайын орта табысты жұмысшының жалақасы сол күйі өзгермей қалуда. MGI-дың бағамдауынша бұл тренд алдағы он жылда жеделдей түседі, өйткені жасанды интеллект адам  жасай алатын жұмыстан көбірек атқара  алады. Қазіргі жасанды интеллект  саласындағы технологиялар шамамен 5%  жұмыста адамды алмастыруы мүмкін, бірақ ол көпшілігіне күтпеген өзгерістер алып келеді. Бұл өз кезегінде үкіметтер мен компаниялар келешекте жұмыскерлердің біліктілігін арттыруға көбірек ақша мен уақыт жұмсауға мәжбір болады  дегенді білдіреді.  Ондай болмаған жағдайда жалақы мөлшері  өзгерсіз қалады да, экономикалық сұраныс та сол қалыптан әріге бармайды. (АҚШ-та және ең ірі деген баққуатты елдерде  тұтынушылардың сұранысы – экономиканың ең  үлкен компонентенті  саналады). Сонымен қатар, теңсіздікте ушыға түседі. Давостағы таяу және алыс келешектердің ау-жайына болжам жасаған баяндамалардың (ағылшын тілі ұғымында  ресми орган келешектегі өзгерістер туралы егжей-тегжейлі талдау жасайтын ресми есепті White papers дейді –авт) арасында Оксфам түщен «Бір пайызға арналған экономика» деп аталатын есепте жазылғандай, әлемдегі ең бай мултимиллионер саналатын 62  адам ғана дүниенің жарты байлығын уысында ұстап отыр. Ал, Манияканың айтуынша, Төртінші индустриалдық революция, Индустриялық Интернет (Internet of Things) – бұлардың барлығы алыс болашақтағы өсім мен өрлеудің кепілі болуы мүмкін, бірақ қысқа мерзімдегі өсімді қаласақ, көбірек сұраныс туғызуға күш салғанымыз абзал. Осы тұрғыдан алғанда, қазір айталық салық заңнамасы мен корпоративтік басқарудан бастап білім беру мен инфрақұрылымға дейін тұрақты дамуға септесетін үлкен өзгерістерді талап ететін, бірақ қазір оған тек бағанағы 1 пайыз санатындағылардың  қауқары жететін жаңалық көп. Бір сөзбен айтқанда, өте қиын құбылыс. Бұл тақырыптардың барлығы кеше ғана тәмамдалған Давос форумында қызу талқыланды. Бірақ «Сиқырлы таудың» (Т.Манның осы аттас шығармасының желісі Давоста өрбігесін, солай аталып кеткен – авт) аңғарында жиналған әлемнің элитасы бұған қалай әрекет етудің жолын әлі білмейді. Тағы бір алаңдатарлық жағдаятты мемлекетаралық деңгейде жүргізілген жыл сайынғы Едельман Сенімділік барометрінен көруге болады. Әртүрлі елдерде тұратын мыңдаған адамға «Үкіметтің, бизнестің, үкіметтік емес ұйымдардың және медианың жалпы халықтың игілігіне  әрекет етіп жатқанына қаншалықты сенесіз?» деген сұрақ қойылды. Сауалнаманың нәтижесі  көрсеткендей, әлемнің ауқаттылары мен басқаларының арасында институциональдық сенімсіздіктің үңірейіп тұрғаны байқалады. Көзі ашық элитаның арасында сенімділік артқанмен,  басқалардың арасында ол құлдыраған үстіне құлдырап бара жатыр. Сондықтан та болар, әлеуметтік толқу,  популизм, қатаң саясат  сияқты мәселелер де Давостың күн тәртібіне шыққан түйткілдер болды. Тарих, өкінішке қарай, экономикадағы кінәраттар жиылып келіп, экстремизм, изоляция (алшақтану) және тұрақсыздық сияқты проблемаларды туғызатынын көрсетіп отыр. Аударған Әділбек Жапақ

Похожие материалы