Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров доллар бағамының көтерілуіне қатысты пікір білдіріп, дефолт болмайтынын айтты.
«Біріншіден, Үкімет, квазимемлекеттік сектор не банк саласы тарапынан ешқандай дефолт күтілмейді. Біздегі қаржы жағдайы тұрақты деуге келеді», – деді министр Үкіметте өткен брифингте.
«Доллардың қымбаттауына байланысты қандай да бір шығындарға шектеу қойыла ма?» деген сауалға:
«Келесі жылдың бірінші тоқсанында белгілі болады. Бізге тек қана валюта бағамының деңгейі ғана емес, біздің негізгі экспорттық тауарымыз мұнайдың да бағасы қатты әсер ететін болады. Егер бірінші тоқсанда бағалардың төмендеуі жалғасатын болса, тиісінше республикалық бюджеттің параметрлері де қайта қаралатын болады. Сол кезде қандай шығыстарды азайтатынымызды анықтайтын боламыз. Бірақ әлеуметтік салаға әсері тимейді деп ойлаймын», – деді Нұрлан Байбазаров.