Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

EGov жүйесінде жаңа қауіпсіздік талаптары енгізілді

EGov жүйесінде жаңа қауіпсіздік талаптары енгізілді

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі 1414 SMS-шлюзіне қолжетімділікті күшейту туралы хабарлады.

Енді бұл қызмет тек биометриялық аутентификация (FaceID), ЭЦҚ немесе eGov QR арқылы ғана пайдаланылмақ. Шара Бас прокуратураның үйлестіруімен телефон алаяқтарынан қорғау мақсатында қабылданған.

Бұған дейін кейбір мемлекеттік сервистерге кіру бір реттік SMS-кодпен жүзеге асатын. Осы осалдықты пайдаланған алаяқтар «жәбірленушінің» нөмірін енгізіп, 1414-тен өздеріне қажетті SMS алуға тырысқан.

Министрлік ақпараттық жүйелердің иелеріне жаңа талаптарды енгізуді міндеттеді. Желтоқсан айынан бастап міндетті қауіпсіздік шараларын енгізбеген жүйелер 1414 SMS-шлюзін қолдану мүмкіндігінен ажыратылады.

Министрлік басқа мемлекеттік органдармен бірге алаяқтықпен күрес және азаматтардың жеке деректерін қорғау бағытында жұмысты жалғастырып жатыр. Сонымен қатар eGov Mobile қосымшасында күмәнді әрекеттерді анықтау, кибергигиена және қауіпсіз пайдалануға арналған ақпараттық баннерлер орналастырылды.

Ведомство қабылданып жатқан барлық шаралардың «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыруға, құқықтық тәртіпті нығайтуға және мемлекеттік цифрлық сервистерге деген сенімді арттыруға бағытталғанын атап өтті.

Ұқсас материалдар